Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды
Опубликовано:

Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Айдын Кәрімов тағайындалды, деп хабарлайды өңір әкімдігі Facebook-тегі ресми парақшасында.
"Президент әкімшілігінің келісімі бойынша Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың өкімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Кәрімов Айдын Мейрамбекұлы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Айдын Кәрімов 1988 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономикалық академиясын, ҚАЗГЗУ университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы бастаған.
Әр жылдары ҚР ТЖМ "Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау" РМК-да, "АйТи-Сервис" ЖШС, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-да, "Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы" РМК-да, сондай-ақ Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен.
2012-2016 жылдары Экономикалық даму және сауда министрлігінің (қазіргі Сауда және интеграция министрлігі) Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаменті директорының орынбасары, басқарма басшысы, бас сарапшысы болған.
2016 жылдан бастап премьер-министр кеңсесінің құрылымында жұмыс істеген.
2016-2017 жылдары Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2017-2019 жылдары Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі – премьер-министрдің хаттама шефі қызметтерін атқарған.
2019 жылдың сәуір айынан бүгінге дейін премьер-министр кеңсесінің сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1976199-abai-oblysy-akiminin-birinsi-orynbasary-tagaiyndaldy/