Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады (фото, видео)
Опубликовано:

Мемлекет басшысы Ашхабадқа жұмыс сапары барысында Түрікменстан Ұлттық кеңесі Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, Гурбангулы Бердімұхамедовті туған күнімен құттықтап, оның басшылығымен Түрікменстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін атап өткен.

Кездесу барысында дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 30 жылдың ішінде Қазақстан мен Түрікменстанның байланысы бауырластық әрі стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткені айтылған.

Сондай-ақ тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына да тоқталған.

Бұдан бөлек кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-түрікмен қарым-қатынастарына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Гурбангулы Бердімұхамедовті Қазақстан республикасының жоғары мемлекеттік наградасы "Алтын Қыран" орденімен марапаттаған.
Сонымен қатар президент Бердімұхамедовтің Халық мәслихатының төрағасы ретінде елінің дамуы үшін және аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек ете беретініне сенім білдірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1976210-toqaev-gurbanguly-berdimuxamedovpen-kezdesti-foto/