Мемлекет басшысы СҚО әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысының қабылдауында болған СҚО әкімі аймақтың дамуы жөнінде, ауыл шаруашылығының дамуы, жылыту маусымына дайындық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде баяндады, деп хабарлайды президенттің ресми БОРТN1 Telegram-каналы.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Құмар Ақсақалов өңірде күзгі егін науқаны басталғанын мәлім еткен. Құмар Ақсақалов баяндамасында биыл бидайдың бір гектарынан 16 центнер алу болжанып отырғанын жеткізген. Облыста 170 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілмек. Өңір басшысы бұл көрсеткіш бойынша республикада СҚО көш басында тұрғанын айтқан.
Сондай-ақ, аймақ басшысы аграрлық секторға биыл 180 миллиард теңге инвестиция тартылатын мәлім еткен. Солтүстік Қазақстан облысында құны 76 миллиард теңге болатын 31 жоба жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына 2,4 мың техника алынған. Қазір аймақта 17 сүт фермасы, 3 құс фабрикасы, жылыжай кешені және май экстракциялау зауыты салынып жатыр.Өңірде сүт өндірісі 26 пайызға өскен.
Президентке өнеркәсіп саласындағы жобалар туралы да айтылған. Биыл кірпіш зауыты мен темір бетон бұйымдары, ірімшік шығаратын сүт зауыты ашылды. Қағаз өнімдерін шығаратын фабрика мен автоклавты газоблоктар кәсіпорны іске қосылмақ. АЖТ, электр қалқанының жабдықтары және жеңіл темір құрылысы сынды жобаларды іске асыру басталады.
Одан бөлек, жаңа оқу жылында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде заманауи зертханалармен жабдықталған оқу-зертханалық корпус ашылмақ. Әлемдегі үздік 100 жоғарғы оқу орындарының бірі – Аризона университетімен бірігіп, қос дипломды білім алуға студенттерді қабылдау алғаш рет жүргізілді.
Сонымен бірге облыста биыл 401 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Аймақтағы жолдарды жөндеуге биыл 22 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 663 шақырым жол жөнделеді. Сонымен қатар 55 ауылда су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшысына егін жинау науқанын жоспарға сай орындауды және облыстағы өзге де жобаларды одан әрі жалғастыруды тапсырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1984294-memleket-bassysy-sqo-akimi-qumar-aqsaqalovty-qabyldady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.