Әшімбаев президентке алдағы дін көшбасшыларының съезіне дайындық туралы айтты
Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сенат төрағасы мемлекет басшысына 14-15 қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық туралы мәлімет берген.
Парламент сенатының төрағасы, Съезд хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев дінаралық форумға 50-ден аса елден 100-ден астам делегация келетінін жеткізді.
Айта кетейік, аталған жиынға Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да діндер көшбасшылары қатысады деп жоспарланып отыр.
Сенат төрағасының айтуынша, алдағы іс-шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр. 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен.
"Съезд аясында декларация қабылданбақ. Бұл қорытынды құжат форумға қатысушылардың өркениетаралық және конфессияаралық, сондай-ақ жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне деген ұстанымын білдіреді.
Президент қазіргі жағдайда Съезд өткізудің маңызы жоғары екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық диалог мәдениетін ілгерілету қажеттігін және Қазақстанның осы үдеріске қатысуы маңызды екенін атап өтті", - дейді президенттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар мемлекет басшысына сенаттың алдағы уақытқа арналған жұмыс жоспары баяндалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1986419-senat-toragasy-prezidentke-alemdik-zane-dasturli-dinder-kosbassylarynyn-vii-sezine-daiyndyq-turaly-aitty/