Әшімбаев алдағы сайлауда Қазақстан президенті қандай мерзімге сайлануы мүмкін екенін айтты

Опубликовано:

Мәулен Әшімбаев
Мәулен Әшімбаев. Фото: parlam.kz

Сенат спикері БАҚ өкілдеріне биыл күзде елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтетін болса, мемлекет басшысы қандай мерзімге сайланатыны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналистер Мәулен Әшімбаевтан алдағы сайлауда президентті қолданыстағы заңнамаға сәйкес 5 жылға немесе Тоқаевтың соңғы жолдауында ұсынылған бір мерзімдік 7 жылға сайлау туралы ұсынысына сай өту мүмкіндігі жайлы сұраған.

"Сұрақтың өзі қазір бұл жағдайдың әлі нақты емес екенін аңғартады. Осының бәрін нақтылау үшін парламент мәжілісінің депутаттары бұл сайлауды жаңа стандарт бойынша, яғни президентті 7 жыл мерзімге сайлау туралы бастама көтеріп отыр. Осылайша, болашақта сұрақ туындамас үшін осы сайлауды жаңа форматта өткізу ұсынылады", - деді сенат төрағасы.

Сенат спикерінің пікірінше, жеті жыл сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға, халыққа берген уәделерін орындауға, ел үшін ірі жобаларды жүзеге асыруға жеткілікті мерзім.

"Бұл норма Қазақстандағы саяси реформалар бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Және бұл норма билікті монополиясыздандыруға тағы бір маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді", - деп түйіндеді сөзін Әшімбаев.

Еске сала кетейік, Тоқаев өзінің соңғы жолдауында кезектен тыс президент сайлауын осы күзде өткізуді ұсынған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1986821-aldagy-sailauda-qazaqstan-prezidenti-qandai-merzimge-sailanuy-mumkin-senat-toragasy-pikir-bildirdi/