Тоқаев америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді (фото)

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев Эд Эмерсонмен кездесуде
Қасым-Жомарт Тоқаев Эд Эмерсонмен кездесуде. Фото: t.me/bort_01

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі Telegram-дағы "Борт №1" арнасында хабарлады.

Президенттің америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесуі әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталған.

Кездесу барысында Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланған. Қазіргі уақытта бұл банк "Астана" халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастық орнатқан.

Сондай-ақ кездесуде энергетика саласын дамытудың келешегі жөнінде де пікір алмасу болған.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Grupo Los Grobo компаниясының төрағасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығы өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен кездескен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Густаво Гробокопательмен және Рикардо Хаусманмен кездесуде
Қасым-Жомарт Тоқаев Густаво Гробокопательмен және Рикардо Хаусманмен кездесуде. Фото: t.me/bort_01

Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылаған.

Grupo Los Grobo – жылдық табысы 1 миллиард доллардан асатын Латын Америкасындағы астық және соя өндіретін ірі компания.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен кездесу өткізген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Джейми Даймонмен кездесуде
Қасым-Жомарт Тоқаев Джейми Даймонмен кездесуде. Фото: t.me/bort_01

Кездесу барысында қаржы институттарының өзара іс-әрекеті қарастырылған. Сондай-ақ тараптар әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасқан.

Айта кетейік, Нью-Йоркке сапары барысында мемлекет басшысы танымал америкалық сарапшы, Eurasia Group зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ян Бреммермен де кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ян Бреммермен кездесуде
Қасым-Жомарт Тоқаев Ян Бреммермен кездесуде. Фото: t.me/bort_01

Кездесуде қазіргі заманның өзекті мәселелері мен үрдістері талқыланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1988586-toqaev-amerikalyq-iri-kompaniyalardyn-bassylarymen-kezdesti/