Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлттық мүдде бәрінен жоғары": СІМ елге келген ресейліктер санының артуына байланысты пікір білдірді

Опубликовано:

Әуежай
Көрнекі фото: pixabay.com

Сыртқы істер министрлігі ресми сайтында Қазақстанға келіп жатқан Ресей азаматтарының санының артуына қатысты пікір білдірді. Ведомствода жағдай бақылауға алынғанын атап өтіп, қазақстандықтарды даналық танытып, қонақжай болуға шақырды.

Ведомство Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы әрдайым сенімнің жоғары деңгейімен және сындарлы тәсілдерімен ерекшеленетінін баса айтқан. Министрліктің мәліметінше, қазіргі жағдайда Қазақстанның мемлекеттік органдары еліміздің қолданыстағы заңнамасын және халықаралық шарттарды басшылыққа алуда.

"Ресей Федерациясының біздің елге келетін азаматтары санының өсуіне байланысты кейбір қазақстандықтардың алаңдаушылығына орай мына мәселелерді түсіндіру қажет деп санаймыз.

Шетел азаматтарының Қазақстанға кіру және болу тәртібі бар, оларды бақылауды ҰҚК Шекара қызметі және тиісінше ІІМ жүзеге асырады.

Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеуде және жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етуде. Бұл ретте, кез келген елдің шетелдік азаматтарының Қазақстан аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қажет", - делінген СІМ хабарламасында.

Одан бөлек, ведомство біздің құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды және біздің іс-әрекеттеріміз осы қағидаттардан туындауы тиіс екенін атап өткен. Сондықтан, министрліктің ресми пікірінше, қолданыстағы шарттар сақталуы тиіс және ықтимал құқық бұзушылықтарды әкімшілік тәртіппен тоқтату керек.

"Мемлекетте ұлттық мүдделерді қорғаудың тетіктері жеткілікті, бұл орайда, ұлттық мүдде бәрінен де жоғары.

Айналамызда болып жатқан кез келген күрделі геосаяси жағдайда біз ұлттық қауіпсіздіктің басымдығына сүйенетін боламыз. Әлемде орын алған құбылмалы ахуал біздің мемлекетіміздің тұрақтылығы үшін сынақ болып отыр", - деп атап өткен ведомство хабарламасында.

Сонымен бірге, СІМ халқымызға тән адамгершілік қасиеттер белгілі бір моральдық ережелерді сақтауды талап ететінін айта келе, ел азаматтарын даналық көрсетіп, қонақжайлылық дәстүріне берік болуға шақырған.

Сондай-ақ ведомство Қазақстанның егеменді және тәуелсіз мемлекет, қуатты әрі ұйымшыл ел екенін атап өткен.

"Мемлекет басшысы кез келген жағдайда халық бірлігінің маңызды екенін үнемі айтуда.

Қазіргі қиын кезеңде кез келген өткір мәлімдеме немесе әрекет жағымсыз әсер тудыруы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.

Бүгінгі таңда Қазақстанның инфрақұрылымы көші-қонның қазіргі жағдайынан салыстырмалы түрде ауыртпалықсыз өтуге мүмкіндік береді. Қызмет көрсету және сервис объектілері де өз қуаттары аясында жұмыс істейді.

Біз ағымдағы ахуалға мұқият мониторинг жүргізіп отырмыз және елеулі бір қатерлер туындаған кезде халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманы ескере отырып, тиісті шаралар қабылданатын болады. Біз мемлекеттік органдардың ресми және объективті ақпаратына сену маңызды деп санаймыз, бұл қажетсіз алаңдаушылықтың алдын алуға көмектеседі", - деп қорытындылаған ведомство.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1989332-ulttyq-qauipsizdiktin-basymdygyna-suienemiz-sim-elimizge-kelgen-reseilikter-sanynyn-artuyna-bailanysty-pikir-bildirdi/

pixel