Тоқаев: Президент құзырлы болуы керек, әйтпесе кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуде елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға тоқталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Біз қазір Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер жасап, елімізді жаңғыртуды қолға алдық. Маусым айында өткен референдум халықтың бұл бастамаларды қолдайтынын көрсетті.

Саяси реформалар елімізде "күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" қағидатын орнықтырды. Бұл президенттік республика боламыз деген сөз. Расында, ел басқаратын президент құзырлы, күшті болуы керек. Әйтпесе, кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Ал, ондай жағдай халқымызға қасірет әкеледі", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша жасақталатынын еске салды.

"Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін нақты шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілді", - деді президент оңтүстік жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1989803-toqaev-prezident-quzyrly-boluy-kerek-aitpese-keibir-basqa-elderdegi-siyaqty-tartipsizdikke-usyrauymyz-mumkin/