Тоқаев еліміздің Ресей, Қытай, Түркия және басқа да мемлекеттермен қарым-қатынасы туралы айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент жұртшылығымен кездесуде. Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент жұртшылығымен кездесті. Президент қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.

"Біздің халықаралық аренадағы қызметіміздің басты мақсаты – Қазақстанның және халқымыздың мүддесі. Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының үстемдігі үшін күресеміз. Біз халықаралық қатынастарда әділеттілік, ішкі істерге араласпау, мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын нығайтуды аса маңызды деп санаймыз", - деді мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның сыртқы саясаты бұрынғыдай теңгерімді, көпбағытты және конструктивті болатынын айтты.

"Қазақстан Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты, Қытаймен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай келетініне сенімдімін", – деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1989866-toqaev-elimizdin-resei-qytai-turkiya-zane-basqa-da-memlekettermen-qarym-qatynasy-turaly-aitty/