Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мемлекеттендіру Қазақстанды құрдымға кетіре ме?

Опубликовано:

Мұнай шығару
Көрнекі фото: Pixabay.com

Бүгінгі күні Қазақстанда отандық экономика алыптары мен кей банктерді мемлекеттендіру қажеттілігі туралы жиі айтыла бастады. Көлемді мәтінді оқығысы келмейтіндер үшін спойлер: мемлекеттендіру Қазақстанды құрдымға кетіреді. Бұл ел экономикасын үйлесімді даму жолынан тайдыратын соңғы жолайрық болмақ. Тарих беттерін парақтасақ, саяси саладағы мемлекеттендіру билікті диктаторлық режим орнатуға мәжбүрлеуге әкеп соқтыру ықтималдығы жоғары екенін көреміз.

Жеке меншікке құқығы фейк пе?

Қазақстандықтар мемлекеттендіру жөніндегі мәселе заңды/заңсыз немесе жақсы/жаман тұрғысында шешілмейтінін түсінуі керек.

Мемлекеттендіру жүзеге асса, демек бұл ол қолдан келеді деген сөз.

Қазақстанда жеке меншікке иелік ету құқығы шартты түрде болып саналады. Мәселен, жылжымайтын мүлік құқығы сату-сатып алу шарты жасалған кезден емес, мемлекет құқықтарды тіркеу туралы анықтама берген уақыттан бастап жарамды болады. Бұл ретте жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу шартына отырар алдында, мемлекеттен мүліктік ауыртпалықтың жоқтығы туралы анықтама алу қажет. Яғни, мемлекет аталған жылжымайтын мүлікке қазіргі қожайыннан басқа ешкімның таласы жоқ екеніне кепілдік береді. Ал шын мәнінде қалай? Адамдар ауыртпалықтың жоқтығы туралы осындай анықтама алып, сату-сатып алу шартын жасасады, сатып алушылар жеке меншікке иелік ету құқығын тіркеп, жылжымайтын мүліктің заңды иесі атанады. Содан соң мемлекет мәміленің жарамды-жарамсыз я болмаса адал ниетті емес болғанын және т.с.с. шешім шығара алады. Яғни, мұндай ереженің түпкі себебі мәміленің айқын емес қатысушысы мүмкіндігі мықты мемлекеттің өзі болып отырғанында. Іс жүзінде, бүгінгі Қазақстандағы шенеунік бейнесіне қарап, мемлекет сіздің жеке меншігіңізді тартып алуы әбден мүмкін екенін тәжірибе көрсетіп отыр.

Бұл дегеніңіз адам кез келген жеке меншікке мемлекет рұқсат беріп отырған уақытқа дейін ғана иелік ете алады деген сөз.

Мемлекеттендіруде де солай. Билік олигархтардың меншігін шартты деп есептейді. Ресейде бұған қатысты "олигарх болып қызмет атқаратын адамдар бар жерде, олигархтар болмайды" деген сөз бар. Халық ірі жеке меншікті қайта үлестіруді байыбына бармай қолдап отыр. Бірақ олар мұның зардабын олигархтар емес, қарапайым халық тартатынын түсінбейді.

"Оппозицияның" рецебімен жасалған винегрет

Жалпылама емес, нақты мысалдарға назар аударсақ, онда мәселенің түйіні неде?

Мемлекеттендіру ұғымына бірнеше мәселені араластырған:

  1. Назарбаевтың билік еткен кезінде ұрланған және шетелге шығарылған қаражатты қайтару;
  2. Жекешелендірілген өндірістік алыптардың иелерінің өз міндеттемелерін орындамауы;
  3. Меншікті қайта бөлісу.

Қаражатты қайтару

Қандай уәжді жиі естиміз? Отбасы мен оған жақын тұлғалар өз кәсіпорны үшін мемлекеттен көп мәрте триллиондаған көмек алып отырған. Олар бұл ақшаны ұрлап алған, сол себепті "Халық банкін", өзге де банктерді және басқаларын мемлекетке қайтарсын.

"Оппозиция" өкілдері де осыны талап етіп, жанталаса мәлімдеме жасауда. Олар демократия мен заңдылықты қолдайды-мыс.

Енді біз демократиялық деп атап жүрген мемлекетте неге рұқсат етіледі деген сауал қойып көрелік.

  • Тергеусіз және сот шешімінсіз біреуді қыруар қаражатты жымқырды деп айыптай аламыз ба?
  • Заңға және демократияға негізделген қоғамды құруды талап ете отырып, біреуден жеке меншігіңді бер деп талап ету дұрыс па?
  • Дәл осы екі ой дені сау басқа қалай біруақытта келуі мүмкін?

Шетелге шығарылған қаражатты қайтару кез келген тартып алынған меншікті қайтару секілді заңды түрде жүзеге асуға тиіс.

Егер әлдебіреу ұрлаған болса, онда:

  1. Тергеу жүргізу керек;
  2. Сотта қаралуға тиіс;
  3. Жазалау немесе ақтау туралы заңды шешім болуға тиіс.

Бүгінгі күні "отбасы" өкілдері ақырындап өз еркімен мемлекетке кейбір шағын кәсіпорындарды қайтарып беруде. Бұл оқиғалар бойынша ешқандай заңды шешімді жариялап жатқан жоқ: тергеу материалдарын да, сот актілерін де, парламент тыңдалымдарының хаттамаларын да. Ертең бұл Кулибаевтар мен Сатыбалдылар еуропалық соттарда өздеріне қысым жасалғанын айтып, жаһанға жар салады. Біздің қолдаушымызды тұтқынға алып, балаларымызды өлтіреміз деп қорқытты, осылайша маңдай терімізбен тапқанымызды бердік-мыс, деуі мүмкін.

"Демократтар" мұны түсінбей ме?

Х банкті қысымға алмаса, бәріне танымал олигархтар мемлекеттен триллиондаған көмекті еш уақытта ала алмайтынын білеміз. Егер заңды тергеу мен сот тексерісін жүргізсе, ақшаның жымқырылғанын дәйектермен дәлелдесе, онда ұрланған қаражатты қайтарып алуға мүмкіндік бар.

Ал егер олигархтар өз еркімен "жеке" меншігін қайтарып берді делік. Ары қарай не болмақ? Оны әлдебір "демократқа" сыйлық ретінде береді немесе мемлекеттің атына жазып, артынан тыныш қана жақындарының иелігіне бере ме? Одан кейін олар тағы да мемлекеттен триллиондаған көмек алып отыра ма? Тарихтың қайталанатын заңдылығы бар. Біріншісі трагедия болса, екіншісі фарс түрінде.

"Демократтардың" көздегені осы ма?

Ірі бизнестің міндеттемелерді орындамауы

"Демократтар" мемлекетті өндірістік кәсіпорындарды қазіргі иелерінен тартып алуды екі негізгі аргументке сүйену арқылы шақыруда:

  • жекешелендіру әділ өтпеген;
  • олардың иесі экологиялық және әлеуметтік міндеттемелерін орындамайды, ал өнімдерді төмендетілген бағада шетке шығаруда.

Егер 25 жыл ішінде мемлекет ірі бизнесті ісін адал атқаруға мәжбүрлей алмаса, онда олардың жаңа иелерінен мұны күту дұрыс деген қайдан шықты? Өмірде ғажайып жоқ.

Бәлкім, тергеу мен сот өткізу қажет шығар? Аталған деректерді зерттеп, келтірілген шығынды есептеп, шот шығару керек шығар? Яғни, барлығын заңды түрде жасаған дұрыс болар?

Меншікті қайта бөлісу

"Адалдық" деген экономикалық терминнің мәні не? Жекешелендіруді "адал" өткізу мүмкін бе еді? 1995 жылы Қарметті, ССКБК, Жезқазған тау-металлургиялық комбинатын, ЕХМЗ мен өзге де кәсіпорындарды сатып алуға кімнің қаражаты жеткілікті еді?

Назарбаевта екі шешім болды

Бірінші жолы: барлығын "адал" түрде шетелдіктерге сату.

Екінші жолы: "әділ түрде" өзі бақылай алатын адамдарға яғни өз адамдарына беру.

Қай жол дұрыс екені түсініксіз, бірақ қазір екінші жолға қайта түсу ұсынылып отыр: барлығын тартып алып, жаңа адамдарға тарату? Ол жаңа адамдар кім?

Мемлекеттендіру идеясын қолдайтындардың бірі – Болат Әбілов. Халық банк, Қазақмыс немесе Қармет және өзге де кәсіпорындарды соның қолына алып беру керек пе?

Болат Әбілов Кулибаевтар, Ким мен Митталдан жақсырақ болып шығып, Қазақстан экономикасын анағұрлым тиімді түрде басқара ала ма?

90-жылдары 2,5 миллион қазақстандықтан жекешелендіру купонын жинап алып, нәтижесінде 500 мың салымшыға жалпы сомасы 10 млн доллар болатын қаражатты ғана төлегені үшін бе? Яғни, орташа есеппен, әр өтініш жазған адамға 20 доллардан немесе акционерге 4 доллардан бергені үшін бе?!

Әлде күні кеше Болат Әбілов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы екені туралы сыбыс тарап, ал бүгін Әбілов Тоқаев Назарбаев кланымен әлі күнге дейін байланысын үзбегенін айтып жүргені үшін бе?

Бүгінгі күні Тоқаевтың кез келген іс-әрекетін "оппозиция" сынға алуды әдетке айналдырған. Тоқаев бұрынғы Назарбаев секілді, түрі ғана басқа, дейді олар. Алайда Назарбаев кезінде мұндай сын айтқыштар жоқ болғанын, ал Тоқаевтың кезеңінде олардың қаптап кеткенін, бірақ қудаланбайтынын ешкім байқамайды. Одан бөлек әлі күнге дейін Тоқаевтың ірі өндірісті өз пайдасына қайта бөлісуге ұмтылысын байқап отырған жоқпыз. Бірақ әр тұстан капиталдарды қайта бөлісу қажет екенін айтып, ұрандата берсе, не болады?

Қазақстандағы буржуазиялық төңкеріс

Неге біздегі оппозиция әпенділеу және ықпалы жоқ?

Біздегі "оппозиция" саяси күш емес, себебі ешқандай беделді күштердің мүддесі үшін жұмыс істемейді. Нәтижесінде, біздің "оппозиция" дүбәра, тиісті қаражаты жоқ, әлсіз. Оппозициялық қозғалыстар өз партиясын тіркей алмайды, сайлаудың өз уақытында өтуіне қол жеткізе алмайды, үгіт-насихат жүргізе алмайды, сайлауда берілген дауыстың есебін дұрыс шығарылуын қамтамасыз ете алмайды. Қолынан келмейді.

Біздегі оппозицияның әлсіздігі сонша, бүгінгі кезекті кезектен тыс сайлауға да бірде бір кандидатын ұсынуға қауқары жетпеді.

Біз капитализмді құруға ұмтылдық. Бірақ бізде буржуазиялық төңкеріс болған жоқ. Мәселенің төркіні сонда.

Қазақстанда жеке меншікті қорғау институттары құрылмаған. Билік пен меншік деген ұғымдар бір-бірімен қабысып кеткен. Билікке тәуелді емес меншік иелері жоқ, буржуазия жоқ.

"...Буржуазия тарихта айтарлықтай революциялық рөл атқарған.
...Буржуазия кәсіпорындар құралдарында, өндірістік қарым-қатынаста және қоғамдық қатынастар жиынтығында тұрақты төңкерістерсіз, революцияларсыз өмір сүре алмайды.
...Буржуазия орта ғасырлардағы кертартпа күштердің таңданысын тудырған күш көрсетулер жалқаулық пен әрекетсіздік секілді жағымсыз қасиеттермен қатар жүретінін көрсетті. Ол алғаш рет адам қызметі неге қол жеткізе алатынын көрсетті".

Мұны айтқан Рокфеллер де, Ренри Форда та емес. Бұл Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің Коммунистік партиясының манифесінен үзінді (1848 ж.).

Біздің "демократтар" феодалдық құрылыстың механизмдерін сақтап қалуды, күш қолданып, меншікті қажетті тарапқа қайта бөлуді ұсынып отыр. Маркс біздің "демократтарды" кертартпа күш өкілдері деп атар еді.

Капитализм бәлкім үздік экономикалық құрылыс емес шығар, бірақ адамдар одан жақсысын ойлап тапқан жоқ. Ал капитализм демократиясыз өмір сүре алмайды.

Қазақстандағы экономикалық жүйенің "ұсқынсыздығы" да содан. Себебі бізге қажет демократия жоқ! Ал демократия неге жолға қойылған жоқ?

Өткен ғасырдың 80-ші және 90-шы жылдары қолымызға орасан зор демократиялық еркіндік берілді. Алайда біз жас әрі әлсіз демократияны уысымыздан шығарып алдық. Дайын емес не "халық сондай" болғандықтан, не болмаса теңізге шыға алмайтындығымыздан немесе астананың атауы басқаша болғандықтан емес.

Жалпы бізде меншік иелерінен құралған тап болмаса, демократияның не керегі бар? Демократия адам құқығын немесе Facebook, Instagram, болмаса TikTok кедергісіз жұмыс істеуі үшін туындаған жоқ. Демократия жеке меншікті қорғау үшін пайда болған. Сол себепті бізде еш уақытта тәуелсіз сот және саяси партиялар болмаған. Сол себепті таратылған XIII шақырылымдағы Жоғарғы кеңестің орнына бастапқыда бірауыздан бір заңды қабылдап, кейіннен сол заңның күшін бірауыздан қайта жоятын "қалтадағы" парламент жасақталды.

Капитализмнің қалыптасу тарихындағы маңызды кезең 1688 жылғы Англиядағы Стюарт ІІ Яков патшаның тақтан таюы болған. Бұл оқиға тарихта Қантөгіссіз революция деген атаумен қалған.

Революция нәтижесінде Тақ мұрагерлігі туралы акт (немесе Ұйымдастыру актісі) қабылданған. Одан бөлек құжат:

  • монарх бассыздығын шектеп, оны заңға сай ел басқаруға міндеттеген. Себебі заңдар халықтың нағыз құқығы болып саналады;
  • монархтың соттарды қызметінен алып тастау құқығынан айырды.

Бұған дейін тәуелсіз сот пен меншігін қорғау құқығына тек қана ірі феодалдар – патшалық пэрлері (фр. Pairs – тең құқылы) ғана құқылы еді. Патша пэрді соттай алмайтын еді. Осылайша ірі феодалдар өз өмірі мен меншігін сақтап қалатын.

Ал қантөгіссіз революция бұл құқықты бәріне бірдей етті. Осылайша буржуазия өз меншігін қорғаған!

Яғни, демократиялық институттар жеке меншік институтын қорғау үшін пайда болып, өмір сүруде.

Егер бүгін ірі бизнесті қайта бөлу қолға алынса, онда:

  • Ірі меншік қайтадан "бақылаудағы" адамдардың қолына өтеді;
  • Жаңа "олигархтар" билікке қарсы шығу үшін тым әлсіз әрі тәуелді болады. Оларға ол керек те емес, себебі олар билікпен тікелей байланысты болады;
  • Жаңа ірі буржуазия тәуелсіз партия құруға қауқарлы саяси күшке айнала алмайды. Тәуелсіз соттарды қорғайтан және әділ сайлауды қамтамасыз ететін күштер болмайды. Саяси бәсекелестік болмайды. Билік қайта жабық болып, өз мүддесі үшін ғана жұмыс істей бастайды;
  • Оппозициялық күштер съездерін цирк ғимаратында өткізетін әлсіз әрі күші жоқ маргиналдар түрінде өмір сүре береді. Еске салсақ, 2002 жылы билік оппозиция съезін өткізу үшін Алматы циркінің ғимаратын берген.

20 жыл өтті. Алайда "цирк кеткенімен, сайқымазақтар" қалды.

Булат Абилов
Булат Абилов. Фото: instagram.com/abilovbulat_official

Егер бізде мықты оппозиция болса, онда ол меншікті қайта бөлуді талап етпейтін еді. Ол мүлдем басқаны талап ететін еді. Мәселен:

  1. Ірі меншікті жекешелендіру. Назарбаевтар, Кулибаевтар және өзгелері өз меншіктерін жалған иесінің атынан өзіне аударуға міндеттелсін. Жеке-жеке сұрауы болуы тиіс!
  2. Бірреттік жекешелендіру салығы туралы заң қабылдау. 90-жылдары Қазақстанның кәсіпорындарын жекешелендіріп алғандар, мемлекеттік қазынаға айтарлықтай көлемде салық төлеуге тиіс. 1 және 2-ші талап шарттарын орындадың ба, ешқандай экспроприацияға ұшырамайсың. Орындамадың ба, кешір.
  3. Жеке меншікті қасиетті әрі қол сұғылмайтын деп жариялау. Қазіргі заманымыздың ең табысты мемлекеті – Америка Құрама штаттары (АҚШ). Онда жеке меншікке қол сұғылмайды және барлығы жеке меншік. Ақша басып шығаратын ұлттық банктың аналогы - Федералды резевртік жүйе (ФРЖ) де жеке меншік. АҚШ-та тіпті жеке меншік түрмелер де бар. Бұл түрмелердің қызметі табысты болғаны соншалық, тіптен олардың акциялары биржада саудаланады! Бұл дегеніңіз, мұндай түрмелер өз қызметі туралы толық есепті ашық түрде жария етуге міндетті деген сөз. Міне, ғажайып... Бірақ, иә, ғажайыптар өмірде болмайды.

Мұндай шараларды қабылдау қазақстандық буржуазия революциясына айналар еді. Қантөгіссіз революция.

Өз меншігіне ашық түрде иелік ететін ірі буржуазия нені қалайды? Президенттің қалауына тәуелді болғысы келе ме? Жоқ, әрине. Ол тәуелсіз соттардың құрылуын қалайды және билікті де соған итермелейді. Осылайша ол өз мүддесін қорғайды. Біздің президентіміздің айтып отырғаны осы. Ақыры, қол жеткізуіміз мүмкін Сот реформасы.

Одан соң өз меншігіне ашық түрде иелік ететін буржуазия парламенттен өз партиясын көргісі келеді. Бұл үшін ол сайлаудың уақытылы өткенін, дауыстың әділ түрде саналғанын қалайтын болады. Сондай-ақ меншігіне ашық түрде иелік ететін ірі буржуазия түбінде осыған қол жеткізеді. Президенттің жолдауында бұл да бар.

Содан соң меншігіне ашық түрде иелік етеін ірі біржуазия одан да көп табыс тапқысы келеді. Ол сараң ғой. Оған қаражатын шетелден қайтаруға тура келеді, өз кәсіпорындарына ақша салады және жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашады. Шын мәнінде, кез келген дамушы елдердегі секілді Қазақстан экономикасы да жоғары табыс әкелсе, ал меншігі қорғалған болса, кіріс нормасы төмен дамыған елдердің экономикасына инвестиция салудың не керегі бар (қазір енді олардың мүлкін тартып алу ықтималдығы да бар)? Бұл ретте шетелдік инвесторлар да тартылады.

Ал егер елде тәуелсіз соттар болса, нағыз саяси партиялар құрылып, сайлау әділ өтсе, кәсіпорындардың жабық емес қажеттіліктері болса, басқа не керек? Дұрыс, шағын және орта бизнес. Осылайша ШОБ мемлекеттің қолдауынсыз-ақ жұмыс істеп, ақша табатын болады. Ал қазіргі ұлттық компаниялар мен бизнесті қолдаудың жұмыс істемейтін ондаған бағдарламасы қажет болмай қалар еді.

Сонда қазақстандықтардың өмірі де "қызықсыз" өте бастайды. Кезектен тыс сайлауларсыз, министрлердің қамауға алу жағдайларынсыз, ұлттық компанияларсыз, астана атауына қатысты өзгертулерсіз, ЛРТ пен ЭКСПО-сыз, үкіметтің орташа жалақының өсуі туралы "керемет" мәлімдемелерінсіз. Буржуазиялық қоғамның өмірі "қызықсыз" деп жатады...!

Диктаторлыққа өту мүмкіндігі

Бірақ "демократтар" қарап отырмайды. Олар қазақстандықтардың "қызықсыз" өмір сүргенін қаламайды. Олар меншікті қайта бөлуді талап ете береді.

Ал президент Тоқаев олардың сөзіне құлақ асып, мемлекеттендіруді бастап кетсе, не болмақ? Онда барлығы сценарий бойынша өрбиді. Қазақстандық элита жік-жікке бөлініп, феодалдық "соғыс" басталады.

Мұндай жағдайда, әдетте тарихта халық пен отанды құтқарып қалу үшін тікелей халықтық басқару жүйесі жарияланады. Әдетте, диктатура осылай аталады.

Заңдар мен әдепкі билік институттарының жұмысы тоқтайды (мәселен, парламент таратылады, себебі әлдебір қырғыз музыканты оның ғимаратын өртеп жібереді). Халық жауларының тізімдері жасалады, қудалау басталады. Төтенше өкілетке ие құпия полиция ірі бизнесмендерді үркітіп-қорқытады. Одан соң сермер іске кірісіп, лагерьлерге барлығын жібере бастайды. Бастапқыда кешегі "демократтарды", одан кейін шетелдік білімі бар азаматтарды, одан соң жай ғана көзілдірік тағатындарды. Мұндай жағдайлар тарихта көптеп орын алған.

Мемлекеттендіру басталса, қазақстандықтарды өте "қызықты" өмір күтіп тұруы мүмкін.

Сонда қазақстандықтар нені қалайды? Ондаған жыл бойы ештеңеге қол жеткізбеген дүбәраларды тыңдап, қайта бөлуді бастағымыз келе ме? Әлде еліміздің жалпыәлемдік трендтер ағысы бойынша тып-тыныш дамуын қалаймыз ба?

Қазақстандағы демократия институттарының құрылуына қазіргі "оппозициядағы" жанайқайын айтып жүргендер қол жеткізбейді. Бұл адамдардың барлығы күні кеше ғана өздері де билікте жүріп, былыққа батқан немесе 90-жылдары жекешелендіруге қатысқан, болмаса түрлі айып тағылып, белсенді бизнестен қашқандар. 20-30 жыл ішінде олар өздерінің дәрменсіздігі мен әлсіздігін толықтай көрсеткен адамдар. Мұндай адамдар үшін бейберекетсіздік – билікке және оңай олжаға апаратын баспалдақ!

Гүлденген Қазақстан, Жаңа Қазақстан мемлекеттендіру өткізбесе және меншікті қайта бөлмесе ғана билікке тәуелсіз бизнес құра алады. "Оппозицияға" кеткен бұрынғы шенеуніктер мен бизнесмендер емес. Бұл тек өз меншігіне ашық түрде иелік ететін ірі буржуазияның ғана қолынан келеді.

Қазақстанға ұлттық идея керек, әйтпесе бақытқа қол жеткізе алмаймыз дейді. Бәлкім біздегі "оппозиция" өкілдеріне шаршаған миларынан ел атауын Қазақияға ауыстыру секілді түрлі "прожект пен ұлттық идеяларды" сығып шығара беруді қою керек шығар. Бәлкім бәріміз Қазақстанда жеке меншікке қол сұғылмау керек деген бір мәмілеге келіп, өзін-өзі қалыптастыруға қауқарлы Жаңа Қазақстанда тып-тыныш өмір сүріп, жұмыс істеуіміз керек шығар.

Автор: Нурлан Кеншинбаев

*автордың пікірі редакцияның пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1990195-memlekettendiru-qazaqstandy-qurdymga-ketire-me/

pixel