Астанаға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді (видео)

Опубликовано:

Әлихан Смайылов пен Эмомали Рахмон
Әлихан Смайылов пен Эмомали Рахмон. Фото: t.me/KZgovernment

Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон алдағы күндері жоспарланған бірқатар ірі шараға қатысу үшін елімізге келді, деп хабарлайды үкіметтің ресми Telegram арнасы.

Аса мәртебелі қонақты елорда әуежайында премьер-министр Әлихан Смайылов қарсы алды. Айта кетейік, Тәжікстан президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі VI саммитке, ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысына және "Орталық Азия – Ресей" саммитіне қатысады.

Нақтыласақ, 12-13 қазанда Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді, оған барлығы 50-ге жуық делегация қатысады.

14 қазанда елордада ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтеді, оның аясында ұйым қызметінің негізгі мәселелері талқыланады. Отырысқа Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қатысады.

Сонымен қатар 14 қазанда Астанада "Орталық Азия – Ресей" саммиті өтеді. Онда сауда, мәдениет, қауіпсіздік және тағы басқа салалардағы өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1992435-astanaga-tazikstan-prezidenti-emomali-raxmon-keldi-video/