Вьетнам вице-президенті Тоқаевты еліне сапармен келуге шақырды
Опубликовано:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысуға келген Вьетнамның вице-президенті Во Тхи Ань Суанмен кездесу өткізді, деп хабарлайды БОРТ N1 Telegram-арнасы.
Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК жұмысына белсенді қатысқаны үшін Вьетнам тарапына алғыс айтып, екі ел арасындағы табысты ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін атап өткен.
Сондай-ақ мемлекет басшысы мен Во Тхи Ань Суан өзара сауда-экономикалық іс-әрекеттің табысты дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан мен Вьетнам халықтары арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығая түскенін және екі ел арасында әуе қатынасын ашу туралы айтқан.
Одан бөлек екі ел арасында сауда, туризм, аграрлық, көлік-логистикалық және қаржы салаларындағы байланыстарды күшейту үшін мол әлеует бар екеніне назар аударылған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам президенті Нгуен Суан Фукке сәлем жолдады.
Өз кезегінде Во Тхи Ань Суан өз мемлекетінің басшылығы атынан Қазақстан президентіне Вьетнамға сапармен келуге шақыруын тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1992477-vetnam-vice-prezidenti-toqaevty-eline-saparmen-keluge-saqyrdy/