Top.Mail.Ru

Зектілері

Қазақстандағы еңбек нарығы қарқынды дамып, жасарып келеді

Жарияланған күні:

Тамара Дүйсенова
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстандағы жұмыс күшінің жыл сайынғы өсімі бірнеше жыл ішінде екі есе артты, ал еңбек нарығындағы жастардың үлесі ұлғайып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде ЕХӘҚМ басшысы Қазақстандағы еңбек нарығының негізгі көрсеткіштері тұрақты екенін атап өтті. Ол сондай-ақ жұмыс күші санының артуына назар аударды. 2021 жылы бұл көрсеткіш 76 мың адамға жетті, бұл 2016-2020 жылдар аралығындағы жыл сайынғы өсіммен салыстырғанда 2 есеге артық. Сонымен қатар еңбек нарығындағы жас қазақстандықтардың үлесі айтарлықтай артып келеді.

Тамара Дүйсенова
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

"Мұндай өсім, ең алдымен, 2000 жылдардан кейін туған жастардың еңбек нарығына қосылуымен байланысты", - дейді Тамара Дүйсенова.

Осы орайда, ЕХӘҚМ басшысы жастар арасындағы жұмыссыздықты алдын алу мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды қалыптастыру бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Қазір Қазақстанда халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру, бос және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, жұмыс күші артық аймақтардан жұмыс күші тапшы аймақтарға жұмысшыларды қоныстандыру сияқты ұлттық жобалар мен басқа да жүйелі шаралар жүзеге асырылуда.

Осы шаралар аясында 1 қазандағы жағдай бойынша 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде: 203,3 мыңы – республикалық жобалар аясында құрылған жұмыс орындарына, 203,9 мыңы – президенттің "10 мың адамға 100 жұмыс орны" тапсырмасын іске асыру шеңберінде, 224,3 мыңы жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды және 22,3 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларымен (гранттар немесе шағын несиелер берілді, жұмыс күші артық аймақтардан қоныс аударылды) қамтылды.

Сондай-ақ ЕХӘҚМ басшысы бүгінгі таңда ұлттық жобалар бойынша жұмыс орындарын құрудың жоспарланған көрсеткіші 75,6 пайызға орындалғанын атап өтті.

Тамара Дүйсенова
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

"Ұлттық жобалардың бір бағыты – субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Бүгінде олар бойынша жоспарланған көрсеткіштер орындалып, оған 152 мыңнан астам адам жіберілді, оның 41% жастар. Бұл шараның нәтижесі дағдыларды меңгерумен қоса әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасу болуға тиіс", – деді Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, бұл бағытты жүзеге асыруда проблемалар бар. Өңірлердің көпшілігі осы бағдарламаға қатысуды аяқтаған адамдарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпейді.

"Республикада бұл көрсеткіш 34,8%-ды құрады. Ең жоғары көрсеткіш Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарына, ең төменгі – Шымкент, Түркістан және Павлодар облыстарына тиесілі. Жастарды жұмыспен қамтуда да бұл үш облыс аутсайдер болып табылады", - деп атап өтті ЕХӘҚМ басшысы.

Цифрландыру өңірлердегі жұмысты жандандырумен қатар, жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге ықпал етеді. Министрдің айтуынша, жұмыспен қамту саласындағы барлық ұлттық жобалар цифрландырылған, құрылған жұмыс орындары мен зейнетақы жарналарының мониторингісі Электрондық еңбек биржасы (ЭЕБ) арқылы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шаралары туралы айта келе, Үкіметке Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған және алдағы үш жылға есептелген тапсырмаларының орындалу барысы туралы хабарлады.

Тамара Дүйсенова
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

"Бірінші – 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылатын цифрлық отбасы картасын пайдалана отырып, проактивті жұмыспен қамту қызметтерін көрсету. Сонымен қатар жыл соңына дейін Электрондық еңбек биржасы негізінде тоқсан сайынғы онлайн бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу, ЖОО мен ОБМ-нің жұмыс істеп тұрған мансап орталықтарында ЭЕБ орнату, жыл соңына дейін ЭЕБ мобильді қосымшасын іске қосу жоспарлануда. Осылайша Электрондық еңбек биржасы жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің кездесу орнына айналуға тиіс", - деді ол.

Екіншіден, жыл сайын кемінде 100 мың жас адамды оқыту, жұмысқа орналастыру және өз ісін ашу үшін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарлануда.

Үшіншіден, ұлттық жобалар аясында ашылатын жұмыс орындарының жалпы санының 10%-ын жастармен толтыруды ұсынып отырмыз. Бұл 50 мың жас адамдарды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, "10 мың адамға 100 жұмыс орны" бастамасы аясында жастар үшін кемінде 10 000 жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында да жастарды жұмыспен қамту шаралары қарастырылған. Мәселен, министрліктің мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша әр өңірде "Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша 3424 адам жұмысқа орналасса, 425 жас маман тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы бойынша жаңа орындарда жұмыс істей бастады.

Жалпы, Ұлттық жоба аясында 9 айда республика бойынша 376 960 адам жұмысқа орналасып, 30 848 адам түрлі бағдарламалар бойынша қысқа мерзімді оқудан өтіп, жаңа мамандықты игерген. Сондай-ақ "Бастау Бизнес" жобасы бойынша 113 265 адам кәсіпкерлік негіздері курсының тыңдаушысы атанды, 12 051 адам өз ісін ашуға грант алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1992525-qazaqstandagy-enbek-narygy-qarqyndy-damyp-zasaryp-keledi/