Тоқаев Пәкістан премьер-министрімен кездесті

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан премьер-министрі
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан премьер-министрі. Фото: t.me/ Борт №1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды, деп хабарлайды Борт №1 Telegram арнасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК саммитіне қатысу мақсатында Астанаға келіп, ұйымды одан әрі институционалды тұрғыда дамытуға бағытталған еліміздің бастамаларын қолдағаны үшін Пәкістанның үкімет басшысына ризашылығын білдірді.

Президент Пәкістанды Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі деп атады. Сонымен қатар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың даму қарқынына көңілі толатынын айтты.

Кездесуде көлік, транзиттік логистика және энергетика салаларында ынтымақтастық орнатудың перспективалары қарастырылды. Екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын жақын арада қалпына келтіруге, сондай-ақ Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру маңызды екеніне назар аударылды.

Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістан президенті Ариф Алвидің сәлемін жеткізіп, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1992577-toqaev-pakistan-premer-ministrimen-kezdesti/