Қазақстан президенттігіне тағы бір үміткер ОСК тексеруінен өтті

Опубликовано:

Бақыт Жаңабаев
Бақыт Жаңабаев. Фото: Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі

Орталық сайлау комиссиясы Бақыт Жаңабаевтың президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарға сай келетінін анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина 11 қазан күні Бақыт Жаңабаевтың кандидатурасы "Қазақстан футбол жанкүйерлер лигасы" үкіметтік емес ұйымынан ұсынылғанын айтты. Сонымен қатар, ол ОСК қажетті құжаттарды да тапсырған.

ОСК басшысы Нұрлан Әбдіров отырыста Бақыт Жаңабаевтың Конституция мен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңның президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарын сақтауы туралы мәселе қаралғанын айтты.

"Үміткер Бақыт Жаңабаевқа қатысты "Сайлау туралы" конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес ОСК Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетіне, Мемлекеттік қызмет органдарына және Әділет министрлігіне сауалдар жолдады.

Ішкі істер министрлігі берген ақпаратқа сәйкес, ол тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, соңғы 46 жылдан бері Қазақстанда тұрады. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 13 қазандағы қорытындысына сәйкес мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Білімі жоғары, мемлекеттік қызметте 21 жыл еңбек өтілі бар.

Әділет министрлігінің мәліметі бойынша кандидатты ұсынған қоғамдық бірлестіктің тіркеу құжаты бар. Үміткер Бақыт Жаңабаев заң талаптарына сәйкес, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Жаңабаев мемлекеттік тілді меңгергенін растаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1992617-qazaqstan-prezidenttigine-tagy-bir-umitker-osk-tekseruinen-otti/