Top.Mail.Ru

Зектілері

Мемлекеттендіру: халықаралық тәжірибе

Жарияланған күні:

өнеркәсіптік кешен
Фото: pixabay

Қазақстанда мемлекеттендіру туралы пікірталастар жиі орын алуда. Бұл ретте президенттің өзі жаппай мемлекеттендіру туралы бір рет те сөз қозғамағанымен, саяси алаңда ұпай жинағысы келген кей популистер бұл тақырыпты белсенді түрде өрбітуде. Олар қазақстандықтарды жеке меншікті шенеуніктер иелігіне беру – қоғам үшін үлкен игілік екенін айтып, үгіттеуде. Алайда әлем тарихына көз жүгіртсек, мемлекеттендіру бірқатар мемлекеттің экономикасының түбіне жеткенін көрсететін мысалдар аз емес.

Тәжірибе көрсеткендей, ауқымды мемлекеттендірудің ешбірі бірде бір рет тұрғындар өмірі сапасының артуына әкелген емес, ал оның ең ауыр салдары – аштық, құлдырау, сыртқы саяси проблемалар, тіпті азаматтық соғыс болған. Бірде мемлекеттендіру тіптен бұдан да қорқынышты апат қаупін тудырған болатын. 1956 жылы Мысыр Суэц каналы мемлекеттендірілетінін мәлімдеді. Мұның салдарынан елде күрделі дағдарыс орын алып, ядролық соғыс болып кете жаздады. Қуанышқа орай, жағдай реттелді.

Десе де мемлекеттендіруден соң құлдыраған экономиканың жарқын үлгісін Венесуэла мысалынан көруге болады. Әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдер санатына жататын мемлекет бірнеше онжылдық бойы дағдарыстың шырмауынан шыға алмай келеді. Кедейлік қамытын киген халық ең қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай тапшылығынан зардап шегуде. Халқының үштен бір бөлігі – жұмыссыз. Ал мұның бәрі мұнай өндіруді мемлекеттендіруден бастау алған. Қазір бұған сену қиын, бірақ 1930-1970 жылдары Венесуэладағы жан басына шаққандағы ЖІӨ батыс Еуропа елдерінің деңгейінде, Латын Америкасындағы ең жоғары көрсеткішке ие еді.

Ондаған жыл бойы мұнай елдің басты табыс көзі, "асыраушысы" болды. Мұнай саласы Венесуэладағы табыстың 90 пайызын, мемлекеттік табыстың 60 пайызын қамтамасыз етіп отырған. Алайда 1976 жылы мұнай саласы толығымен мемлекеттендірілді. Мемлекет бизнесті тиімді басқаруға қауқарсыз болып, пайдасыз жобалар мен жоғары басшыларға қыруар қаражат жұмсаумен болды. Сыртқы қарыз өсе берді, ал экономика тұралап қалды. Осылайша 80-жылдардың соңына қарай әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт төмендеуі экономикалық дағдарысқа әкелді. Жағдай ушыға берді.

Мемлекеттендіру тәжірибесін Ұлыбритания да бастан өткерген. Мәселен онда 1951 жылы болат балқыту өндірісі мемлекеттендірілген. Алайда жақсы өндірістік нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болмады.

Францияда да мемлекет жеке меншікке белсенді түрде араласты. 60 жыл ішінде мұнда темір жол көлігі кәсіпорындары, энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, әуе кәсіпорындары, кей сақтандыру компаниялары мен банктерді қамтыған үш ауқымды мемлекеттендіру жүзеге асырылды. Мемлекеттендірілген компаниялардың модернизациясына кеткен шығынды көтере алмаған мемлекет шоқ басты. Салдарынан бюджет тапшылығы мен жұмыссыздық проблемалары асқына түсті.

Қытай да коммунистердің жеңісінен соң жеке меншік құқығын жойып, барлық жер мен өнеркәсіпті мемлекеттендіру туралы шешім шығарған. Мао Цзэдуннің бастамасымен қолға алынған жедел индустрияландыру бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады. Өнеркәсіптік өндіріс құлдилап, көптеген тауардың, бірінші кезекте азық-түліктің тапшылығы орын алды. Мұның барлығы, оның ішінде астық өнімі көлемінің азаюы 10-30 миллион адамның өмірін қиған аштыққа әкеп соқтырды. Жағдай шаруаларға үй маңындағы жері мен мүлкін қайтарып беріп, шошқамен құс өсіруге рұқсат беріп, базарларды ашқанша ғана реттелді. Жекешелендіру басталған кезден бастап жағдай тез оңала бастады.

Эфиопия мемлекеттендіруді 1975 жылы қолға алып, мемлекет барлық жердің меншік иесі атанды. Бұл жайттың арты жақсы бола қойған жоқ. Елдегі экономикалық жағдай нашарлай түсті, ал 80-жылдардың басында елді 1 миллион адам шығынына әкеп соқтырған аштық жайлады. Халық қарсылық танытып, 1990 жылы билік социалистік бағыт "күткен нәтижені бере алмағанын" мойындап, ырықтандыруға бағыт алғанын және нарықтық экономикаға өтетінін мәлімдеді.

Өткен ғасырдың орта тұсында Чили үкіметі де мыс өнеркәсібін мемлекеттендіру туралы шешім шығарды. Билікте отырған Сальвадор Альенде америкалық компаниялар иелігіндегі мыс саласындағы кәсіпорындарды өтемақы төлеместен мемлекеттендірді. Бұл әлбетте Чили мен АҚШ қарым-қатынасына сызат түсіріп, инвесторлардың елден кетуіне себеп болды. Салдарынан инфляция деңгейі артып, шынайы жалақы көлемі төмендеп, өндіріс тұралап, жаппай ереуілдер артты.

Сьерра-Леондағы 1970 жылғы Sierra Leone Selection Trustв компаниясын мемлекеттендіру халлықа емес, билікке ғана пайда әкелді. Дивидендтердің арқасында елдегі тұңғыш президент Сиака Стивенс пен оның маңындағылар байыды. Олар елдегі алмаз өндірісінің барлығын өз уысында ұстаған.

Бұл құлдыраулардың себептері әртүрлі болғанымен, барлығына ортақ бір себеп бар. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттің мелекеттендірілген мүлікті басқаруға қауқарсыздығы. Себебі шенеуніктер – бизнесмен емес. Тәжірибе мен практикалық білім болмаса, кез келген саладағы тиімділікті арттыру өте қиын. Оған қоса, меншік иесіне қарағанда, мемлекет меншігіне жауапты тұлға кәсіпорынның табысты болуына мүдделілігі әлдеқайда төмен және ынтасы да аз. Мемлекеттің ақшасы да өз ақшаң емес. Оны жоғалтсаң да, қатты өкінбейсің.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1993187-memlekettendiru-xalyqaralyq-taziribe/