Қазақстан мен Кипр іздеуде жүрген қылмыскерлерді бір-біріне экстрадициялайды

Опубликовано:

Берік Асылов пен Стефи Драку келісімшартқа қол қоюда
Берік Асылов пен Стефи Драку. Фото: gov.kz

Бүгін, 20 қазан күні Кипр Республикасының астанасы Никосия қаласында Кипр мен Қазақстан арасында іздеуде жүрген адамдарды ұстап беру және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімдерге қол қойылды. Бұл туралы еліміздің Бас прокуратурасының ресми сайтында хабарланды.

Екіжақты келісімшартқа бас прокурор Берік Асылов пен Кипрдің Әділет және қоғамдық тәртіп министрі Стефи Драку қол қойды.

"Ұстап беру туралы шарт тараптарға бір мемлекетте қылмыс жасаған және екінші мемлекетте жасырынып жүрген іздеудегі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және сот үкімдерін орындау үшін экстрадициялауға мүмкіндік береді", – деп хабарлады бас прокуратура.

Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт екі елдің құқық қорғау және арнайы органдарына күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсінің дәлелдемелерін алуға, соның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті тәркілеуге және оларға тыйым салуға мүмкіндік береді.

"Шарт президенттің тапсырмасы бойынша құрылған Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысына көмегін тигізеді", – деді ведомство өкілдері.

Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында бас қадағалау органының басшысы Кипрдің бас прокуроры Джордж Саввидиспен және осы елдің Ішкі істер министрі Никос Нуриспен кездесулер өткізді.

Тараптар халықаралық қауіпсіздіктің бірқатар құқықтық мәселелері бойынша, оның ішінде заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде пікір алмасып, трансұлттық ұйымдасқан қылмысты алдын алу және оның жолын кесу, сондай-ақ азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы үйлестірілген іс-қимылдардың маңыздылығын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1993662-qazaqstan-men-kipr-izdeude-zurgen-qylmyskerlerdi-bir-birine-ekstradiciyalaidy/