Тоқаев тілдер туралы: Оларды саяси құралға айналдыруға болмайды
Опубликовано:

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуына үлес қосқан қазақстандықтарға мемлекеттік наградалар табыс етті. Марапаттарды тапсырудан бұрын мемлекет басшысы сөз сөйлеп, тілді саяси құралға айналдырмау керек екенін айтты, деп хабарлайды БОРТ №1.
"Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді", – деді мемлекет басшысы.
Президент көп тіл білудің артықшылығын айтты.
"Жақында мен "Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін" деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан, мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды", – деп ескертті мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдердің қасіретті жағдайға ұшырағанын еске салды.
"Бұл – біздің жол емес" деді президент.
Еске салайық, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстанға азаттық кездейсоқ бұйырды" дейтіндерге жауап берген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1993940-toqaev-tilder-turaly-olardy-sayasi-quralga-ainaldyruga-bolmaidy/