Тоқаев ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесті
Опубликовано:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.
Кездесуге Қазақстан премьер-Министрі Әлихан Смайылов, Әзербайжан премьер-министрі Әли Асадов, Беларусь премьер-министрі Роман Головченко, Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан премьер-министрі Абдула Арипов, Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамұрат Гелдімурадов және ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысқан.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері делегацияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, экономикалық серіктестікті кеңейту үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өткен.
"Жуырда ТМД-ға мүше елдердің басшыларының саммиті өтті. Біз өзара ынтымақтастықты арттыруға, экономиканың әлеуетін нығайтуға деген ортақ ниетімізді білдірдік", – дейді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев шиеленісе түскен геосаяси қайшылықтарға, әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа назар аудара отырып, бірқатар тиімді шара қабылдауға шақырған.
"Бұл ретте өзара сауда-экономикалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның биылғы төрағалығы аясында ТМД-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясының міндеттерін белсенді жүзеге асыру ісі жалғасты. Халықаралық нарықтағы дағдарыс жағдайына қарамастан, экономикамыз біртіндеп қалпына келе бастады", – деді президент.
Мемлекет басшысы кедергілерді жоюға, протекционизмге жол бермеуге, қолайлы тарифтік шарттар қалыптастыруға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге де шақырған.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне де тоқталған. Атап айтқанда, Еуразия нарықтарына жаңа мүмкіндіктер ашатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының келешегі бар екенін жеткізген.
"Бұл мәселенің өзектілігі артып келеді. ТМД-ға мүше мемлекеттер қолда бар әлеуетті дамыту үшін бірлесіп жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, Иранға, Парсы шығанағы мен Үндістанға шығатын "Солтүстік – Оңтүстік" бағыты бойынша сауда-саттықты өркендету маңызды", – дейді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Астанада өтіп жатқан ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысы Достастыққа мүше елдердің алдында тұрған міндеттерді шешуге өз үлесін қосатынына сенім білдірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/1994729-toqaev-tmd-ukimetteri-bassylary-kenesinin-muselerimen-kezdesti/