Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Несие серіктестіктер жүйесі шаруаларға қаншалықты қолайлы

Опубликовано:

Шаруалар
Фото: Аграрлық несие корпорациясы

Шаруа қожалықтарын қаржылай қолдау үшін 2000-жылдардың басында "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ы еліміздің түкпір-түкпірінде несие серіктестіктерін құра бастады. Бүгінде Қазақстанның 158 ауданында 23,5 мың шаруашылықты біріктірген 207 несие серіктестігі жұмыс істеп жатыр.

Несие серіктестіктері жүйесінің артықшылығы көп. Біріншіден, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жақын орналасуы - шалғайдағы шаруа несие рәсімдеу үшін облыс орталығына сабылмай, бұл қызметті өз ауданынан алады. Екіншіден, несие серіктестіктеріне біріккен шаруашылықтар бір-бірімен әрекеттесіп, бір-біріне көмектесіп, шешімді өз бетінше қабылдай алады. Үшіншіден, шаруалардың "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ы қаржы ресурстарына қолжетімділігі кеңейе түседі.

Несие серіктестігі жүйесін нәтижелі іске асырып жатқан қаржы ұйымдарының бірі – Ақтөбе облысындағы "Әйтеке би" несие серіктестігі биыл 20 жылдығын атап өтіп жатыр. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның бастамасымен 2002-жылы құрылған серіктестік аймақтағы егін және мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға жеңіл шарттармен несие беріп, біраз жыл қаржылық қолдау көрсетіп келді. 2010-жылдары ауданда құрғақшылық болып, егін шықпай, шаруалардың жағдайы қиындады. Қуаңшылық салдарынан диқандар мен фермерлердің көбі несиесін қайтара алмаған.  Бұл "Әйтеке би" несие серіктестігінің қаржылық жағдайына әсер етті, компания қыруар шығынға батты. Несие желісі жабылды.

2017-жылы несие серіктестігіне жаңа басшы тағайындалды. Амангелді Сапаров тізгінді қолға алып, 40 миллион теңге берешегі бар компанияны тұңғиықтан шығарудың жолын іздей бастады.

"Әуелі серіктестікке қаржы құятын құрылтайшыларды тарттық. Сосын жарғылық капитал көлемін ұлғайттық. Бір сөзбен, тынымсыз еңбектің арқасында 1,5 жылда "Әйтеке би" несие серіктестігі қарыздан толық құтылды", - дейді басшысы Амангелді Аралбайұлы.

Қаржы ұйымы қазір несие желісін қайта жандандырып, тіпті несие портфелін 2 миллиард теңгеден асырды. Қазір серіктестік Әйтеке би ауданындағы 67 шаруашылықпен бірлесе жұмыс істейді. Оның ішінде өңірге белгілі "Құмқұдық", "Еңбек Agro", "Комсомол", "Бұлақ-Агро" секілді шаруа қожалықтары бар.

"Өмір бойы егіншілікпен айналысып жүрміз. "Әйтеке би" несие серіктестігімен ашылған күннен бері таныспыз. Бірнеше рет айналым қаражатын, негізгі құралдар алдық. Қазір серіктестікте үлесіміз бар. Серіктестік қызметкерлері шаруаны тез шешеді, құжат айналымы жылдам. Ауданымызда осындай серіктестіктің болғаны біз үшін өте қолайлы", - дейді "Бұлақ-Агро" ЖШС директоры Ақжол Дабылов.

20 жылдық межеге серіктестік жақсы көрсеткішпен жетіп отыр. Ақтөбе облысы бойынша биыл Аграрлық несие корпорациясы арқылы шаруаларға 3,8 млрд теңге берілсе, соның 1,1 млрд теңгесіне жақын - "Әйтеке би" несие серіктестігінің үлесінде. Оның ішінде "Кең дала" бағдарламасы бойынша 927,6 млн теңге, "Агробизнес" бағдарламасы бойынша 142 млн теңге аудан шаруаларына несие түрінде таратылды. Бұл қаржы көктемгі егіс пен күзгі жиын-терінге, комбайн, трактор, өзге де қажетті техниканы, сонымен қатар, асыл тұқымды мал сатып алуға жаратылды.

"Несие серіктестіктері жүйесін қолдау Аграрлық несие корпорациясы қызметіндегі басымдықтардың бірі. "Әйтеке би" НС секілді менеджмент жүйесі мен қаржылық жағдайын реттеп, жоғары нәтижелер көрсетіп жатқан қаржы ұйымдарын қолдауға дайынбыз", - дейді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ы басқарма төрағасының орынбасары Руслан Төлегенов.

Жалпы, несие серіктестіктері жүйесі Аграрлық несие корпорациясының өміршең, әрі табысты жобасы екенін дәлелдеді. Мәселен, тек биылғы жылдың тоғыз айында елде он мыңнан аса шаруаға 275,8 млрд теңгенің несиесі берілді. Қаржыландырудың жартысына жуығы несие серіктестіктеріне тиесілі. Биыл оларға 129 млрд теңге, ал келесі жылы 140 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қазақстандық жүздеген шаруаның кәсібінің өркендеуіне, осылайша аймақтарда ауыл шаруашылығы саласының гүлденуіне септік етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1995745-nesie-seriktestikter-zuiesi-sarualarga-qansalyqty-qolaily/

pixel