Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отбасының цифрлық картасы: жәрдемақылар мен төлемдер автоматты түрде 7 мың қазақстандыққа тағайындалды

Жарияланған күні:

ақша
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда алғаш рет «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске асырылуда. Осы уақыт ішінде 7 мыңнан астам қазақстандық мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді проактивті сипатта, яғни автоматты түрде алушылар қатарына енді, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында Отбасының цифрлық картасының (ОЦК) көмегімен проактивті түрде әлеуметтік мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы отбасылардың әлеуметтік тәуекелдерінің алдын алу жүйесін қалыптастыру көзделген.

ОЦК – бұл әртүрлі мемлекеттік органның мәліметтерін жинақтауға, азаматтардың әлеуметтік жағдайы деңгейін анықтауға және оларға проактивті сипатта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.

Бүгінгі таңда жүйеде 19,5 миллион қазақстандық немесе 6,3 миллион отбасы туралы ақпарат жинақталған. Азаматтардың әл-ауқат деңгейі бес сипат арқылы анықталады:

  • Экономикалық өмір сүру жағдайы;
  • Денсаулық сақтау қызметтерімен қамту және мүгедектігі бар адамдардың болуы;
  • Тұрғын үй жағдайы;
  • Әлеуметтік жағдай;
  • Отбасы мүшелерінің білім беру қызметтерімен қамтылуы және білім деңгейі.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар азамат анықталған жағдайда, оған бұл мемлекеттік жәрдемақыны немесе әлеуметтік төлемді алуға болатыны туралы SMS-хабарлама келеді.

Хабарлама арқылы мемлекеттік қолдау алуға келісімін беруге немесе бас тартуға таңдау беріледі. Азамат келісімін берген жағдайда оған мемлекеттік жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем тағайындалады. Ақша оның банктік шотына түседі.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 36 мыңға жуық қазақстандық мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету бойынша SMS-хабарлама алған. Оның ішінде 7 мыңнан астам адам осы мүмкіндікті пайдаланды.

SMS-хабарламалар тек 1414 нөмірінен келетінін ескеру маңызды. Егер хабарлама басқа нөмірден келсе, оған жауап берудің қажеті жоқ.

Қазіргі уақытта отбасының цифрлық картасы шеңберінде проактивті сипатта мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тоғыз түрін тағайындау бойынша қызметтер көрсетіледі:

  • Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
  • Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
  • Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
  • Фсыраушысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлем;
  • Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) берілетін жәрдемақы;
  • Мүгедектік бойынша жәрдемақы;
  • Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • «Алтын алқа» және «Күміс алқа алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы;
  • Атаулы әлеуметтік көмек.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруі бойынша, «Отбасының цифрлық картасы» жобасы 2025 жылға дейін бірнеше кезеңде іске асырылмақ:

  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;
  • 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылатын болады.

Еңбек министрлігі «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін енгізу тиімділікті арттыруға және тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1996072-otbasynyn-cifrlyq-kartasy-zardemaqylar-men-tolemder-avtomatty-turde-7-myn-qazaqstandyqqa-tagaiyndaldy/