Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Атырау облысының халқымен кездесуде не айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Т.me/bort_01

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Атырау өңірінің жұртшылығымен кездесуде өңірдің ауыз су мәселесі, шұрық тесік жолдары, тозығы жеткен су құбырлары мен электр желілерінің мәселесін қозғады. Өңірдегі алпауыт мұнай-газ өндірістеріне экологиялық талаптарды сақтауды да ескертті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Президенттің ресми баспасөз орталығының хабарлауынша, Атырау облысының халқымен жүздескен мемлекет басшысы осы өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп, тиісті сала басшылары мен үкіметке бірқатар тапсырма берді.

"Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе болып отыр. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметр. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына кедергі келтіруде. Сондықтан, үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуді қамтамасыз етуге тиіс.

Құзырлы мекемелер балық қорын сақтау үшін браконьерлермен күресті күшейтуі керек. Биылдың өзінде облыста осыған қатысты 2,5 мың әкімшілік және 52 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ауланған 14 тонна балық тәркіленді. Өкінішке қарай, осындай заңсыздық тыйылмай тұр. Бұл – табиғатты қорғауға жауапты органдардың жұмысында олқылықтар бар деген сөз", – деп мемлекет басшысы тиісті органға ескерту жасады .

Одан кейін президент өңірдегі балық шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің техникасын жаңарту қажеттігін айтты.

"Осы жердің ауланған балығы Ресей, Әзербайжан, Израиль сияқты елдерге экспортталып жатыр. Көбіне мұздатылған, өңделмеген шикі балық жіберіледі.

Шын мәнінде, дайын өнім экспортын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Бұған облыстағы балық кәсіпорындарының шамасы жетеді. Олардың жұмысын халықаралық сапа стандартына сәйкес келтіру керек. Сондықтан қазіргі жағдайды ескере отырып, өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қою мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын", – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Атырау облысында бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін екі шаруашылық бар. Президент 2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

"Мұндай шаруашылықты дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Сондай-ақ, осы жұмыстарды атқаратын балық шаруашылығының мамандары қажет. Жастарды осы іске баулып, оларға жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды. Сонда ғана жастар бұл салаға қызығады.

Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі қажет. Осы аймақта балық шаруашылығын дамыту жергілікті билік үшін басты міндеттің бірі болуға тиіс. Үкімет бұл мәселе бойынша облысқа барынша қолдау көрсетуі керек", – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Одан бөлек, мемлекет басшысы облыстағы жергілікті жолдардың жағдайын сөз етіп, жол құрылысы жеке бақылауында болатынын айтты.

"Облыстың инфрақұрылымын жақсарту қажет. Автокөлік жолдарының сапасы халықтың тұрмысына және экономикаға тікелей әсер етеді. Бұл сала Атырау облысында ақсап тұр. Жергілікті жолдардың 72 пайызы ғана орташа күйде. Мұны төмен көрсеткіш деуге болады.

Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың сапасы да жақсы емес. "Атырау – Астрахань" күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Үкімет оны уақытылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуге тиіс.

Жалпы, облыстағы шұрық тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Бірақ содан ешқандай нәтиже жоқ, тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс орындамайды. Ауданаралық, облысаралық жолдардың сапасы жақсармаса, аймақтарды дамыту туралы айтудың өзі қиын. Сондықтан, жол құрылысы менің жеке бақылауымда болады", – деді президент.

Өңірде тозығы жеткен су құбырлары да президент назарынан тыс қалмады.

"Су сүзетін екі жаңа станцияны тезірек іске қосу керек. "Астрахань – Маңғыстау" су құбырының 80 пайызы әбден тозған. Оны жаңғырту жұмыстарын тездету қажет. Сонымен бірге, Үкімет Еділден жаңа су құбырын тарту мәселесі бойынша банктермен, қаржы институттарымен келіссөздерді жандандыруға тиіс.

Аймақтағы суару каналдарының көпшілігі тозып тұр. Биыл 3 каналды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Тағы 11 каналды қалпына келтіру керек. Үкіметке алдағы екі жылда осы жобаларға қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын.

Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Сондықтан, бұл мәселенің шешімін созбалаңға салуға болмайды", – деді Тоқаев.

Атырау облысындағы тағы бір өзекті мәселе – электр желісінің тозуы. Оның 40 пайызға жуығы ескірген. Биыл 15 елді-мекеннің электр желісі жөнделіп жатыр.

"Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Соңғы жылдары аймақта электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Облыста өзінің электр станциясын пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Бірақ, олардың мүмкіндігі шексіз емес.

Өнеркәсіп орындары дамып, халық саны көбейген сайын қуат көзіне деген сұраныс артады. Атырау облысының электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту жұмыстарын бастау қажет.

Мен былтыр батыс аймағын еліміздің негізгі энергетика жүйесіне қосу туралы тапсырма бердім. Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты шешім қабылдауы қажет. Сондай-ақ электр желілерін жөндеу жұмыстарын республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұдан бөлек, "Атырау Жарық" компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар. Егер компания өз міндеттемесін орындамаса, ондай келісімді бұзу қажет", – деді президент.

Атырау облысының инженерлік инфрақұрылымын дамыту да күрделі мәселе. Мұнда тұрғын-үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірақ ескі үйлер әлі де көп.

"Көп қабатты тұрғын-үйлердің төрттен бірі, яғни 432 үй апатты жағдайда тұр. Үкімет Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп, бұл мәселені шешуге тиіс. Сондай-ақ апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін құрылыс жұмыстарын жандандыру қажет", – деп тапсырма берді мемлекет басшысы.

Халықтың денсаулығы экономикалық көрсеткіштерден де маңызды деген президент кәсіпорындар табиғатқа зиянын тигізбеуі қажеттігін еске салды.

"Зиянды заттардың шектен тыс шығарылуына жол бермей, қатаң бақылау жасау керек. Мен мұны облыстағы алпауыт өндірістерге, әсіресе, мұнай-газ компанияларына қарата айтып отырмын. Экологиялық төлемдер табиғатты қорғау мәселелерін нақты шешуге жұмсалуға тиіс. Ауаның ластануына қатысты тағы бір мәселе – қоқыс полигондары. Атыраудың іргесіндегі ескі қоқыс полигонын ретке келтіру қажет. Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктейтін жаңа кешенді тездетіп салу керек", – деді президент.

Жайықтың тартылуы жұртты қатты алаңдатып отырғанын да президент ашық айтты. Дарияның деңгейі соңғы жылдары төмендеп кетті. Өзен аңғарының экологиялық ахуалы күрт нашарлап, ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы, яғни бесінші дәрежеге жеткен.

"Мен осы күрделі мәселені бірнеше рет халықаралық деңгейде көтердім. Қазақстан мен Ресейдің арасында бірқатар келісім-шартқа қол қойылды. Экологияны, трансшекаралық өзендердің биоәлемін сақтау және оны тиімді пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық негіз бар. Көрші елмен осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салу керек. Бұл істе бәрін осы өңірдегі мемлекеттердің өкілдеріне ғана жүктеп қоюға болмайды.

Сарапшылар, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері де өз міндетін атқаруға тиіс. Жайықты сақтауға бәріміз күш жұмылдыруымыз керек. Экологиялық ахуалдың нашарлауы көптеген салаға кесірін тигізеді. Нақты шараларды бүгін қабылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан, табиғатты қорғауға қатысты кез келген заң бұзушылықтың жолын кесу керек.

Өзеннің аңғарын түгел тексеріп, ондағы нысандардың заңдылығын мұқият қарау қажет. Жайық өзенінің бойын тазалап, экожүйені қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бұл – облыс әкімінің және үкіметтің тікелей міндеті", – деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1996216-toqaev-atyrau-oblysynyn-xalqymen-kezdesude-ne-aitty/

pixel