Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 12,5 пайызға азайған

Опубликовано:

Фото
Фото: pexels.com

Соңғы бес жылда Қазақстанда өндірісте зардап шеккендердің саны 12,5 пайызға азайған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетіндегілер жарақат алу деңгейін одан әрі төмендету үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтып берді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің мәліметінше, қабылданған шаралар нәтижесінде өндірісте зардап шеккендердің саны соңғы бес жылда 12,5 пайызға, яғни 1678-ден 1467 адамға азайған. Бұл ретте қаза тапқандар саны 18 пайызға, 244-тен 200 адамға дейін төмендеп отыр.

2022 жылдың тоғыз айында еліміздің кәсіпорындарында 999 адам зардап шекті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,8 пайызға төмен. Оның ішінде 134 адам қаза тапты. Бұл 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларына қарағанда 4,3 пайызға аз.

Еліміздің өнеркәсіптік өңірлері бойынша деректерге сүйенсек, Қарағанды (136 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (120 адам), Қостанай (93 адам), Ақтөбе (84 адам), Павлодар (82 адам) облыстарында және Алматы қаласында (79 адам) жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталуда.

Зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 16,4 пайыз, құрылыс саласында – 12,3 пайыз байқалады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті өндірістегі жазатайым оқиғаларға әкелетін төрт негізгі себепті анықтады. Бұл жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздық танытуы (34,9 пайыз); жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйымдастыру (28,3 пайыз); еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау ережелерін (7,1 пайыз) және жол қозғалысы ережелерін бұзу (9,1 пайыз).

2022 жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін 109 лауазымды адам қызметінен босатылып, құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 744 материал жіберілді және олар бойынша 118 қылмыстық іс қозғалды.

Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайының нақты ахуалын бағалау үшін 4133 кәсіпорын аттестаттаудан өтті.

Өңірлердің әкімдіктері ең көп жазатайым оқиғаларға жол берген жұмыс берушілермен бірлесіп, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың жекелеген жоспарларын әзірледі. Бүгінгі таңда олар республиканың 173 кәсіпорнында бекітілген.

Келеңсіздіктердің алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 2800 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау стандарттарын енгізді.

2019 жылдан бастап елімізде «Vision Zero - нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілетуге байланысты жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта оған 332 кәсіпорын қосылды.

212 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауды бақылау бойынша «Халықтық бақылау» жобасы іске асырылуда. «Халық бақылаушылары» ретінде мүгедектігі бар, оның ішінде жалпы сырқаттары бар адамдар тартылады. Бейнебақылау жүйесінің көмегімен олар ауысыммен цехтарда болып жатқан оқиғаларды бақылайды және қауіпсіздікті бұзу дерегінің барлығын назарға алады. Бүгінде еліміздің кәсіпорындарында 500-ден астам қызметкер ішкі бақылауды жүзеге асыруда.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер санын азайту бойынша шаралар қабылдануда.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы зерттелген кәсіпорындардағы 1,6 миллион жұмысшының 375 мыңы (22,8%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеген. Мұндай қызметкерлердің көпшілігі Қарағанды облысында – 74 976 адам, сондай-ақ Павлодар облысында – 46 361 және Шығыс Қазақстан облысында еңбек етуде – 37 383 адам.

2021 жылы еліміз бойынша 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін 167 миллиард теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп.

Зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін:

жұмыс уақытының қысқартылған аралығы;

жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы және ұлғайған жалақы;

сүт, емдік және профилактикалық тамақтану көзделген.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдына еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын едәуір қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қоюда. Осы мақсатта елімізде 2025 жылға дейін Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленіп, орындалмақ.

Өндірістік жарақаттанудың алдын алу және өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетіктерін жетілдіру, зиянды еңбек жағдайы бар жерлерде жұмыс істейтін қызметкерлерге кепілдік берудің тәуекелге бағдарланған тәсілін енгізу жоспарда бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1996601-songy-5-zylda-ondiriste-zardap-sekkenderdin-sany-125-paiyzga-azaigan/

pixel