Жигули Дайрабаев: Ауыл мәселесін шешпей, алға жылжу мүмкін емес

Опубликовано:

"Ауыл" ХДПП баспасөз қызметі
Жигули Дайрабаев. Фото: "Ауыл" ХДПП баспасөз қызметі

Қазақстан президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың үгіт-насихат жұмыстары Атырау облысында жалғасты. Кандидат Сарайшық ауылының дәрігерлерімен кездесті. Кездесуде ауылдық елдімекендердегі медициналық қызметтің сапасы жайлы айтылды.

Бүгінгі ауылдардағы инфрақұрылымдың өзекті проблемалардың бірі – медициналық сақтандырумен қамтамасыз ету. Ауыл тұрғындарының тұрақты жұмысы болмағандықтан медициналық сақтандыру қорына түсетін түсімдері жоқ. Сол себепті мемлекет тарапынан көрсетілетін медициналық көмек ауылдықтарға арман.

"Қазір медициналық сақтандыруың болмаса ешкімге керексізсің. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ауылдықтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету керек. Бүгінгі жағдайда бұл мүмкін емес. Бірақ тығырықтан шығудың басқа жолы бар. Ол – жеке үй шаруашылығы кооперациясын құру. Бір ЖҮШ-те ең кемі екі адам – ері мен әйелі жұмыс істейді, яғни өзін-өзі қамтамасыз етеді. Олар өндірген ауылшаруашылығы өнімін кооперативке өткізсе, кооператив олардан салықты ұстап қалуға міндетті.

Салықтың бір бөлігі төртінші деңгейдегі бюджетті, яғни сол ауылдың әкімінің бюджетін қалыптастыруға, бір бөлігін ауылдықтардың зейнетақы қорындағы, әлеуметтік сақтандыру және медициналық сақтандыру қорындағы жинақтау шотына аударуға болады. Бұл үй шаруашылығында жұмыс істейтін азаматтарды медициналық қызметпен қамтамасыз етуге көмек болады.

Егер шенеуніктер ауылда тұрақты жұмыс орнын құрумен немесе ауыл кооперациясын ынталандырумен айналысқысы келмес, онда ауыл тұрғындарын медициналық сақтандыру талабын тіптен алып тастаға тура келеді. Ауылдықтарға барлық медициналық қызмет мемлекет есебінен тегін көрсетілуге тиіс",– деді кандидат.

"Ауыл" ХДПП баспасөз қызметі
Жигули Дайрабаев. Фото: "Ауыл" ХДПП баспасөз қызметі

Бұдан кейін кандидат ауыл мұғалімдерімен кездесті. Онда ол дала демократиясының ұстанымдары жайлы айтып, олармен бірге ар-ожданды, тәрбиелі ұрпақ өсіру мәселесін талқылады. Білім беру әдістемесін өзгертудің қаншалықты өзекті екенін тілге тиек етті.

"Тәрбие талбесіктен басталады. Ал талбесіктің төркіні ауылда. Кішіге – ізет, үлкенге – құрмет тәрізді адами қасиеттің бәрі аға буынның әңгімесінен алынады. Мәдениет осыдан басталады. Жоғары деңгейдегі мәдениетті қалыптастыратын осы ауыл мектептері. Сондықтан мұғалімдердің сабақ беру әдісінің, тәрбие жұмысының маңызы зор", – деді Ж. Дайрабаев.

Білім саласындағы сайлаушылардан соң кандидат Атырау қаласы маңындағы Махамбет ауданына қарасты жол бойында салынып жатқан жылыжайлардың құрылыс жұмысымен танысты. Аталған кешен 5,6 гектар аумақта заманауи технологияға сәйкес салынып жатыр. Жылыжай жоспар бойынша пайдалануға 2023 жылдың көктемінде беріліп, Атырау қаласы тұрғындарын қызанақпен қамтамасыз ететін болады.

Кешенде жаңбырлатып суару жүйесі қарастырылған. Кандидаттың пікірінше жауын-шашын сирек түсетін, күн шуағы мол мұндай өңірге жылыжайлар өте қажет. Үкімет мұндай шаруашылықтарға жол салу, су, электр желілерін тартып беру сияқты барынша қолдау көрсетуі тиіс. Жалпы құны 8 млрд тұратын жоба қаржысының бір бөлігі банкіден алынғанын естіген кандидат едәуір қынжылыс білдірді.

"Бәйтерек" холдингі, Аграрлық несие корпорация сияқты квазимемлекеттік қаржы институттары тұрғанда шаруалар неліктен банкке жүгінеді? Бұл елімізде аграрлық саясаттың дұрыс жолға қойылмағанын көрсетсе керек. Қожалықтар қолға алған жобаларының бойына қан жүгіртетін қаражат табудың шешімі осындай болғандықтан бұған да көнуге мәжбүр", – деді Ж. Дайрабаев.

Кандидат жылыжайдан кейін халықты бірнеше жылдан бері ешкі сүтімен қамтамасыз етіп отырған шаруашылық – Махамбет ауданының Сарайшық ауылындағы заманауи ешкі фермасына барды. Ферманы құрушы – Қазақстанның Еңбек Ері – Розыметов Владимир Федорович. Ол шаруашылықты 10-15 жыл бұрын сатып алып, қайта құрылымдап, бүгінде үлкен кешенге айналдырып отыр.

"Бұл еңбек адамының нәтижелі жұмысының арқасы. Оған мемлекеттік жоғары марапаттың берілуі еңбек адамының бағалануы. Осындай адамдардың төккен тері мемлекет тарапынан ескеріліп, құрметтеліп отырса халықтың ауыл шаруашылығына, агробизнеске деген ынтасы артады", – деді кандидат.

Ешкі фермасы заманауи технология арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізген. Десек те, мұнда мал азығының базасы жұтаң. Жайық өзенінде бұрынғыдай мол су жоқ. Ол жыл өткен сайын тартылуда. Су жеткіліксіз.

"Мәселені түбегейлі шешпей іс алға баспайды. Бір әттеңі, қазір Қазақстанда су мамандары тіптен қалмаған. Жауапты ведомстваларды істейтін мамандардың су саласында тәжірибесі жоқ. Бұл өндірістің қыр-сырын білмейді. Сондықтан трансшекаралық сулар бойынша келіссөздер жүргізгенде көбіне ұтылып жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру қажет. Атырау өңірінде Жайықтан бөлек жерасты су мол. Оны геологиялық зерттеулер растап отыр. Осы жерасты суларын дұрыс пайдалануды қолға алу керек", – деді Ж. Дайрабаев.

Облыс тұрғындары кандидаттың бастамалары мен сайлауалды бағдарламасын тыңдады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997653-ziguli-dairabaev-auyl-maselesin-sespei-alga-zylzu-mumkin-emes/