Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеден астам өтемақы алды

Опубликовано:

Фото
Фото: pexels.com

Қазақстандықтар 2021 жылдың қорытындысы бойынша зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін 167 миллиард теңгеден астам өтемақы алды, деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті.

Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 миллион қызметкерінің 375 мыңы немесе 22,8%-ы зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеген.

Өңірлер бойынша қарайтын болсақ, мұндай қызметкерлердің ең жоғары деңгейі Қарағанды облысында (74 976 адам), Павлодар облысында (46 361 адам) және Шығыс Қазақстан облысында (37 383 адам) тіркеліп отыр.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, зиянды және қауіпті жағдайы бар жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге жұмыс беруші әр түрлі кепілдіктер мен өтемақылар береді: жұмыс уақытының қысқартылған аралығы, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы және еңбекақы мөлшерінің жоғарылауы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану.

Мысалы, 2021 жылы еліміз бойынша 681 мың қызметкер зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін 167 миллиард теңгеден астам сомаға өтемақы алды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 19%-ға көп.

Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдына қойған міндеттердің бірі зиянды және қауіпті жағдайлары бар жұмыс орындарын айтарлықтай қысқарту болып отыр.

Осылайша, 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарында зиянды жағдайда еңбек ететін қызметкерлерге кепілдік берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу көзделуде.

Қабылданған шаралар нәтижесінде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің үлес салмағын 20%-ға дейін қысқарту күтілуде. Мысалы, 2021 жылы бұл көрсеткіш 22,8%-ды құрады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінде түсіндіргендей, елімізде жоспарланып отырған кәсіптік тәуекелдерді бағалауды енгізу, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге кепілдіктер берудің мәртебелік тізімдік тәсілінен тәуекелге бағдарланған түріне көшуді межелейді. Яғни, жұмыс орындарындағы нақты жағдай басты назарға алынады.

Бұл ретте кәсіпорындарда кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу жұмыс ауысымында зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінің жиынтық ұзақтығын айқындау үшін дұрыс ақпарат алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде, еңбек өтілін шектеу және жоғары дәрежедегі кәсіптік тәуекел кезінде ертерек зейнетке шығу қарастырылады. Жалпы, бұл кәсіби зейнетақымен қамсыздандырудың қолданыстағы жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Зиянды және қауіпті жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлерге жеңілдіктер мен өтемақылар беру тетігін өзгерту мақсат етілуде. Бұл қосымша демалысқа, қысқартылған жұмыс уақытына, еңбекақының жоғарылауына, сондай-ақ кәсіптік тәуекелдерді бағалау нәтижелерін ескере отырып, 5%-дан аспайтындай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерін белгілеуге де қатысты.

Сонымен қатар Комитетте атап өткендей, егер өндіріс пен еңбекті ұйымдастырудың қазіргі техникалық деңгейі кәсіптік тәуекелдерді, сондай-ақ қауіпті және зиянды өндірістік факторларды жоюға мүмкіндік бермесе, онда мұндай кәсіпорын кәсіптік тәуекел дәрежесіне байланысты қорғаныс шараларын орындауы керек. Бұл қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, еңбекті қорғау саласын оқыту және тағы басқа мәселелерге байланысты болып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997783-qazaqstandyqtar-ziyandy-zagdaida-zumys-istegeni-usin-167-mlrd-tengeden-astam-otemaqy-aldy/

pixel