Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанның 2800-ден астам кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі халықаралық стандарттарды енгізді

Опубликовано:

переговоры
Фото: pixabay

Қазақстанның 2807 кәсіпорнында OHSAS 18001 және ХЕҰ-ЕҚБҚ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі халықаралық стандарттар енгізілді. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі республикалық іс-қимыл жоспарына енгізілген. Осы және басқа да атқарылған шаруалар туралы ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінен айтып берді.

Зиянды еңбек жағдайы бар жұмыс орындарын қысқарту және өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында Қазақстанда 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітіліп, іске асырылуда.

Құжатта өндірістік жарақаттанудың алдын алу және жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетіктерін жетілдіру, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге кепілдік беру бойынша тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу көзделген.

Мәселен, Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, еліміздің кәсіпорындарында әлеуметтік маңызды "Халықтық бақылау" жобасын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Мұнда мүгедектігі бар адамдар өндірістегі қауіпсіздікті сақтауды бақылаушылар болып табылады. Бүгінгі таңда жобаға 212 кәсіпорын қатысуда. Ал "Vision Zero – нөлдік жарақаттану" тұжырымдамасына 332 өндіріс ошағы қосылды.

Қауіпті өндірістік нысандарда апаттылық пен жарақаттану деңгейін төмендету үшін жыл сайын техникалық қайта жарақтандыру жөнінде жиынтық жоспарлар әзірленеді. 2021 жылдың қорытындысында республика кәсіпорындарында 1768 техникалық құрылғы мен 115 технологиялық желі ауыстырылды.

153 кәсіпорында келісімшарттық қатынастар шеңберінде қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайы мен тұруын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушіден мердігерге дейін төте бақылау енгізілді.

2022 жылғы сәуірде Қазақстанда өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлерді оқытуға қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл нормалар өзгертілген және толықтырылған тиісті ережелерде жазылған.

Сондай-ақ Іс-қимыл жоспары шеңберінде ауысым алдындағы медициналық куәландыру талап етілетін кәсіптердің тізімі бекітілді. Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, оның ішінде зиянды және қауіпті еңбек жағдайы бар жұмыстардың тізбесіне толықтырулар жасалып, онда жұмыспен қамту жұмыс уақытының қысқартылған аралығына, жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысына және жоғары жалақыға құқық беріледі.

Республикалық үшжақты комиссияда еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор туралы және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес туралы үлгілік ережелерді әзірлеуді көздейтін ҚР Еңбек кодексіне түзетулер жобалары талқыланды.

Комитет мамандарының айтуынша, аталған түзетулерді қабылдау өндірістік кеңестер мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың жұмысын жүйелендіруге мүмкіндік береді.

Іс-қимыл жоспарына сәйкес, жыл сайын мемлекеттік еңбек инспекторлары заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, біліктілігін арттырудан өтеді. 2021 жылы 60 инспектор осындай оқудан өтті.

Сондай-ақ шығындарды бюджеттеуде, жеке қорғаныс құралдарын беруде, кәсіби құзыреттерді дамытуда тәуекелге бағдарланған бірыңғай тәсілді енгізу арқылы кәсіпорындарда қауіпсіз еңбекті экономикалық ынталандыруды жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

Бұл тұста "Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету үшін кәсіпорын шығындарын бюджеттеу мен жіктеудің ғылыми негіздемесі" тақырыбында зерттеулердің аралық кезеңі жүзеге асырылды.

Сонымен бірге биыл, әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қаралып, мақұлданды.

Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жоспарына енгізілген іс-шараларды толығымен іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20-ға дейін төмендету (2021 жылы - 0,22); зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің үлес салмағын 20%-ға дейін қысқарту (2021 жылы-22,8%) күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997788-qazaqstannyn-2800-den-astam-kasiporny-enbek-qauipsizdigi-zane-enbekti-qorgau-zonindegi-xalyqaralyq-standarttardy-engizdi/

pixel