Еңбек министрлігі: Әлеуметтік кодексті енгізу қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді

Опубликовано:

подписывает документ
Фото: pixabay

Қазақстанда Әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеу аяқталды. Қазір ол заңнамада көзделген келісу рәсімдерінен өтуде. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кодексті қабылдау арқылы қазақстандықтардың өмірінде не өзгеретінін айтып берді.

Еңбек министрлігі мамандарының айтуынша, Әлеуметтік кодекс қазақстандықтар үшін әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы өмір бойы кепілдік берілген құқықтар туралы бірыңғай ақпарат көзіне айналады. Бұл маңызды құжатты енгізу халықтың мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясатты түсінуін жақсартып қана қоймай, азаматтардың өмір сүру деңгейін сапалы арттыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік кодекс жобасы екі бөлімнен тұрады: жалпы және ерекше. Біріншісінде әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы негізгі ережелер, мемлекеттік реттеу және оның түрлері, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы құқықтар тізбесі және мемлекеттік әлеуметтік қолдауды ұсыну қағидаттары, әлеуметтік қызметкерлердің құқықтық мәртебесі баяндалған.

Екінші бөлімде әлеуметтік қамсыздандыруды іске асыру тәртібі мен бағыттары, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы жарналары және тағы басқа тұстар реттеледі.

Еңбек министрлігінде атап өткендей, Кодекс ережелері әр адамның өмір жолының кезеңдеріне сәйкес өрбиді: адам баласының тууынан бастап зейнетке шығуына ден, яғни "еңбектеген баладан еңкейген қартқа" дейін қарастырылған. Сондай-ақ құжатта әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда қажетті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген.

Бұл ретте Кодексте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан қазақстандық отбасының нығайып, дамуы үшін жан-жақты жағдай жасауға көшу мәселесіне баса назар аударылады.

Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу барысында сарапшылар мен азаматтық қоғамдастықтан 1000-нан астам ұсыныс жиналып, 50-ден астам заң мен 200 заңға тәуелді акті зерделенген. Кодекстің қабылдануымен 80-нен астам заңға өзгеріс енгізілсе, тағы 9-ы өз қолданысын тоқтатады.

Құжат бүгінгі таңда келісудің тиісті рәсімінен өтіп жатқанына қарамастан, онда қарастырылған жайттардың бір бөлігі қазірдің өзінде іске асырылуда немесе 2023 жылы іске қосылады.

Мәселен, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында қыркүйек айында Қазақстанда пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бұл әр түрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтауға, азаматтардың әлеуметтік ахуалының деңгейін анықтауға және оларға проактивті сипатта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.

Бүгінгі кезде бұл жүйеде 19,5 миллион қазақстандық немесе 6,3 миллион отбасы туралы ақпарат жиналған.

Азаматтардың әл-ауқат деңгейі бес шарт бойынша анықталады. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар адам анықталған жағдайда, оған мемлекеттік жәрдемақыны немесе әлеуметтік төлемді әлеуетті алушы болып табылатыны туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 38,7 мыңға жуық қазақстандық мемлекеттік қызметтерді белсенді көрсету үшін SMS-хабарлама алған. Оның ішінде 8,7 мыңнан астам адам осы мүмкіндікті пайдаланған.

Қазіргі уақытта Карта шеңберінде проактивті сиптта мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тоғыз түрін тағайындау тұрғысында қызметтер ұсынылуда.

Бұл ретте, Еңбек министрлігінде атап өткендей, "Отбасының цифрлық картасы" жобасы 2025 жылға дейін бірнеше кезеңде жүзеге асырылып, Карта көмегімен мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрін алуға жағдай жасалады.

Бұдан басқа, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында 2023 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда бала күтімі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылады.

"Алтын алқа" алқасымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған аналарға жәрдемақы мөлшерін 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ "Марапатталған аналар" жаңа мәртебесі енгізілуде.

Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жүргізіледі. Бұл атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасыларға азық-түлік жиынтығын өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді. Тиісті шара АӘК алатын 190 мыңға жуық балаға әсер етеді.

Келесі жылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшері орта есеппен 13%-ға ұлғаяды.

Әлеуметтік кодекстің жобасында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі жаңа шаралар көлемі де көзделген. Ол базалық зейнетақы мөлшерін ұлғайтуды және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты ұлғайтуды көздейді. Бұл шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға жол ашады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997824-enbek-ministrligi-aleumettik-kodeksti-engizu-qazaqstandyqtardyn-omir-suru-dengeiin-arttyruga-mumkindik-beredi/