Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2022 жылы МӘСҚ тарапынан 95 мыңға жуық қазақстандық еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлем алды

Опубликовано:

тенге купюры
Фото: pixabay

2022 жылдың 10 айында 95 мыңға жуық қазақстандық еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды, деп хабарлады "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру Қазақстанда 2005 жылдан бастап енгізілді және ол әлеуметтік тәуекел жағдайлары туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды қорғаудың қосымша түрі болып табылады. Ондай жағдайдың бірі - жалпы еңбек қабілеттілігін 30%-дан 100%-ға дейін жоғалту.

"Азаматқа бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындалады", - деді Нұрсұлу Кемел.

Төлем МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түскен соңғы екі жылдағы табысқа байланысты. Естеріңізге сала кетейік, тиісті аударымды жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкердің табысының 3,5% мөлшерінде төлейді. Жеке кәсіпкерлер мен жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар алынатын табыстың 3,5% мөлшерінде өз бетінше аударымдар жасайды.

Айта кетейік, әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, бірақ жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.

"Төлем мөлшеріне жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі де әсер етеді. Еңбек өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым көп болады. Бұл жұмыс істейтін азаматтарға берілетін артықшылық. Еңбекке қабілеттілігінен айырылу қаупі туындаған жағдайда олар ай сайын бюджеттен мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады және МӘСҚ-тан қосымша төлемдер алады", - деп толықтырды Нұрсұлу Кемел.

Төлем ұзақ мерзімді болып табылады. Ол еңбек ету қабілетінен айырылудың барлық белгіленген кезеңіне тағайындалады және алушы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жалғасуы мүмкін. Маңызды мәселе - аталған әлеуметтік төлем оны алушы жұмысын тоқтатқанына немесе жұмыс істеп, табыс табуды жалғастырғанына қарамастан жүзеге асырылады.

Жыл сайын сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері де артуда. Мәселен, 2022 жылы төлемдердің мөлшері жиынтығында 9%-ға ұлғайтылды.

Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесінде жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген кезде, бірден бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы және МӘСҚ-дан еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындауға жүгінуге болады.

Ал мемлекеттік қызметтерді үйде отырып алған ыңғайлырақ дейтіндерге ақпараттық жүйелерде мәліметтер болған жағдайда egov.kz порталы арқылы төлем алуға өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған. Мұны дәстүрлі түрде ХҚКО арқылы да жасауға да болады.

"Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылғанын атап өткім келеді. Ол электрондық хабаршы ретінде SMS-хабарлама арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінудің қажеттілігінсіз кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқығының туындағаны туралы хабарлайды. Әлеуетті қызмет алушыларға телефонға келіп түскен әлеуметтік төлем құқығы туралы хабарламаға оң жауап беру жеткілікті. 8,7 мыңға жуық қазақстандыққа проактивті түрде төлемдер тағайындалды", - деп жалғастырады Нұрсұлу Кемел.

МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдардың дұрыс және уақтылы түсуін әр түрлі тәсілмен тексеруге болады:

  • Egov.kz порталы арқылы (басты бет/азаматтарға/жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту/жұмысқа орналасу және жұмыс іздеу/міндетті әлеуметтік сақтандырудың әлеуметтік аударымдары туралы ақпарат);
  • "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында (ХҚКО);
  • Қордың филиалында.

Сондай-ақ, әлеуметтік аударымдар есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей төленетінін ескерген жөн. Сондықтан, төлемнің дұрыс мөлшерін анықтау үшін соңғы айдағы әлеуметтік аударымдар түскеннен кейін хабарласқан абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997845-2022-zyly-masq-tarapynan-95-mynga-zuyq-qazaqstandyq-enbek-etu-qabiletinen-aiyrylu-boiynsa-tolem-aldy/

pixel