Меморган басшылары, облыс және мегаполис әкімдері жаңа басшы тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқара береді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары туралы", сондай-ақ "Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері туралы" жарлыққа қол қойды. Жарлықтың мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
"Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары туралы:
"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабының 1-тармағына сәйкес жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен кезде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары өкілеттігінің тоқтатылуына байланысты ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары тиісті басшылар тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқаратын болсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген бірінші құжаттың мәтінінде.
Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері туралы екінші жарлықта:
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 5-тармағына сәйкес жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен кезде Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері өкілеттігінің тоқтатылуына байланысты ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері тиісті әкімдер тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқаратын болсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1999064-memorgandardyn-bassylary-oblys-zane-astana-almaty-symkent-qalalarynyn-akimderi-azirge-oz-mindetterin-atqara-beredi/