Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сарапшылар Тоқаевтың не себепті үкіметті таратпағанын түсіндірді

Жарияланған күні:

Үкімет үйі
Үкімет үйі. Фото: primeminister.kz

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер кабинетінің жұмысына көңілі толмайтынын айтқан еді. Алайда үкіметте кадрлық ауыс-түйіс болмады. Осы орайда сарапшылар президенттің не себепті үкіметті таратпағанын түсіндіріп көрді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазыбек Майгельдиновтің айтуынша, заң бойынша үкіметті тарату тек қана мәжіліс сайлауынан кейін болатын мәселе.

"Осы жолы үкімет таратылмайды. Үкіметке былайша айтқан кезде, сайлауалды бағдарламаның алғашқы позициясынан бөлек, қаңтар оқиғасынан кейінгі болған тапсырманы толық, жыл соңына дейін аяқтап, толық өткізу мәселесі қойылып отырған секілді", - дейді Қазыбек Майгельдинов.

Саясаттанушының сөзінше, дегенмен Әлихан Смайылов үкімет басшысы ретінде жұмысын үйлестіре алмайтын болса, онда өз еркімен қызметінен кетуі керек.

"Егер Әлихан Смайылов премьер ретінде жұмысын, жалпы аймақтардағы жұмысын үйлестіре алмайтын болса, вице-министр, әкімдер жазаланатын болса, ол өз еркімен кетуі керек. Тікелей айтпағанымен, мүмкіндікті беріп отырған – президент, сенімді беріп отырған – халық, екеуін де ақтай алмай отырсаңыз, сіз ол орынға лайықты емессіз, және ол орында отыруға құқығыңыз жоқ деген сөз", - дейді Қазыбек Майгельдинов.

Сонымен бірге саясаттанушы бар жауапкершілікті бір ғана адамның мойына артып қою дұрыс еместігін атап өтті. Оның айтуынша, инфляцияның қарқын алуы, бағаның өсуі, бірінен соң бірі істен шыққан құбырлар және т.б. өзекті мәселелерге үкіметтен бастап, ауыл әкіміне дейін жауапты.

Телеарна бұдан бөлек үкімет жұмысына баға беру үшін, экономисті де сөзге тартқан. Мәселен, экономист Мақсат Халық елдегі инфляцияның өсуіне үкімет жауапты екенін алға тартады.

"Неге біздегі 20 пайыз инфляция? Неге сондай инфляция Қырғызстанда жоқ, неге сондай инфляция Арменияда жоқ? Неге Ресейде жоқ. Яғни біз көршілес елдердің ішіндегі инфляциясы ең жоғары ел боп отырмыз. Инфляцияны реттеу 20 пайыз десек, соның 15 пайызы үкіметтің жұмысына байланысты", - дейді ол.

Телеарнаның хабарлауынша, сарапшылардың пікірінше, парламент сайлауынан кейін үкімет түгел таратылмаса да, кей министрліктің басшылары ауысуы әбден мүмкін.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2001478-sarapsylar-toqaevtyn-ne-sebepti-ukimetti-taratpaganyn-tusindirdi/