Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мемлекеттендірудің бизнеске әсері қандай

Опубликовано:

Мемлекеттендірудің бизнеске әсері қандай
Фото: pixabay

Мемлекеттендіру мәселесі Қазақстанда күн тәртібінен әлі күнге дейін түскен жоқ. Себебі көптеген сарапшы мен экономист бұл саясаттың бизнеске әсте тиімсіз екенін айтуда. Сондай-ақ мемлекеттендіру ел экономикасын құрдымға жіберіп, бизнестің күйреуіне әкелетіні тарих парақтарында да жазулы тұр. Мемлекеттендірудің бизнеске әкелетін пайдасы немесе зияны қандай? Бизнесті мемлекеттік органдардың қолына беру қаншалықты дұрыс? KAZ.NUR.KZ тілшісі сарапшылармен пікір алмаса отырып, аталған тақырыпты талқылады.

Ғылыми тұрғыдан қарайтын болсақ, мемлекеттендіру дегеніміз жеке секторға қарайтын жер мен өндірістік кәсіпорындарды, банктер мен транспортты және тағы да басқа дүниелерді мемлекет меншігіне өткізу. Меншікті өткізу түрлі жолдар арқылы жасалады. Яғни, ешқандай өтеусіз конфискацияланатын жағдай да, ішінара сатып алу арқылы (реквизиция) мемлекет қарамағына алу тәжірибесі де жиі кездеседі.

Әлем елдерінің тарихына көз жүгіртетін болсақ, еш мемлекет бұл саясаттан пайда таппағанын байқауға болады. Мәселен, Еуропаның алпауыт елі саналатын Франция өткен ғасырда үш бірдей мемлекеттендіру саясатын бастан өткерді. 1936-37 жылдары өткізілген мемлекеттендіру кезінде соғыс қарсаңындағы стратегиялық маңызы бар салаларды қатаң бақылауға алу мақсаты қойылды. Осылайша, қорғаныс саласындағы кәсіпорындар мен теміржол мемлекет меншігіне өтті. Мұндай кезде нарық заңы стратегиялық басымдықтарға жол беретіні анық. Алайда бұл шаралар Францияны дағдарыстан құтқарған жоқ. Уақыт өте келе мемлекет өз меншігіндегі бизнес түрлерін жеке тұлғаларға қайтарып берді.

Мұндай мысалдарды тарихтан көп табуға болады. Ал Қазақстанға мемлекеттендіру керек пе? Бұл бизнесті қаншалықты тұралатады? Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, Инновациялық экономика институтының сарапшысы Мағбат Спановтың айтуынша, мемлекеттендіру – қиын тақырыптардың бірі.

Мемлекеттендіру – елдің дамуына кедергі келтіреді

"Мемлекеттендіру дегеніміз өте ауқымды мәселе. Сондықтан әрбір ел бұл саясатты қалай жүргізу керектігін өз бетінше шешеді. Объектілер мен кәсіпорындарды және белгілі бір салаларды мемлекеттендіру үшін талап болуы керек, жағдай жасалуға тиіс. Иә, соңғы кезде Қазақстанда мемлекеттендіру болуы мүмкін деген сыбыс шығып жатыр. Бірақ бір нәрсені ұмытпау қажет. Кез келген мемлекеттендіру елдегі макроэкономикалық климатқа өте нашар әсер етеді. Сонымен қатар бұл мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімді азайтады. Елдің экономикалық дамуын артқа тартып, тежейтін құбылыс. Мен тек экономикалық қауіпсіздікке әсер ететін кәсіпорындарды мемлекеттендіру туралы айтылса ғана, аздап келісемін. Ал жалпы алғанда бұл - бизнесті күйрететін саясат", - дейді Мағбат Спанов.

Экономист Жарас Ахметовтің пікірінше, мемлекеттендіру саясатын мүлде жүргізбеген дұрыс. Бұл бизнестегі бәсекелестікті азайтып, экономиканың дамуын тежейді.

Экономиканың дамуын тежейді...

"Мемлекеттендіру ұғымын әр қилы түсіндіруге болады. Кейбір жағдайларда ғана пайда әкелуі мүмкін. Ал басым көпшілігінде бұл жүйенің зияны шаш етектен. Мәселен, 2009 жылы АҚШ-тың федералды билігі General Motors акцияларының бір бөлігін сатып алды. Бұл корпорацияны қаржылық тұрғыдан қолдау үшін өте қажет еді. Кейін компанияның шаруасы реттеліп, қаржылық ахуалы дұрысталған соң, олар акцияны мемлекеттен қайтарып алды. Өкінішке қарай, біздегі мысалдар бұған қарама-қарсы. Қазақстандық "Самұрық Энерго" жеке станцияларды сатып алды. Бірақ бұдан ешкімге пайда болған жоқ. Есесіне, энергожүйенің тиімділігі төмендеп кетті. Жалпы алғанда, мемлекеттендіру саясатын жүргізудің қажеті жоқ. Бұл бәсекеге қабілеттілікті төмендетіп, елдің даму қарқынына кісен салады. Мемлекеттендіру бизнеске сөзсіз кері әсерін тигізеді. Тек қана төтенше жағдай болып, елді немесе адамдардың өмірін құтқару кезінде ғана бұл мәселе бірінші орынға шығуы мүмкін. Тарихқа көз жүгіртсек, мемлекеттендіру көп жағдайда соғыс немесе табиғи апаттар кезінде көп жүргізілген. Бізге мұндай қауіп төнбей-ақ қойсын. Өйткені, бұл саясат тиімсіз", - дейді Жарас Ахметов.

Өнімділік азайып, бәсекелестік жоғалады...

Сарапшы Жасұлан Көшебаев мемлекеттендіру саясатының бизнеске әкелетін шығындарын санамалап өтті.

"Егер бизнес мемлекеттік компаниялар қарамағына өтетін болса, бұдан келетін шығын саны да арта түседі. Біріншіден, өнімділік азаяды. Себебі мемлекет бизнесті нағыз кәсіпкерлер секілді түсінбейді және бизнес мемлекеттікі болған соң, оған бюджеттен құйылатын қаражат бар. Яғни, қазынадан ақша құйылып жатқан соң, мұндай кәсіп өнімділік туралы әсте ойламайды. Тәуекелдің жоқтығын білген соң, тиімділік те төмендей береді. Мемлекеттік компаниялардың қолында қаржы көптігін ұмытпау керек. Ал бизнесте қаражат нағыз мамандарға тиесілі болады да, бизнесмендер табыс пен өнімділікті бірінші орынға қойып, баса назар аударады. Екіншіден, бизнес нағыз шеберлердің, өз ісінен ләззат алатын адамдардың қолында болғаны дұрыс. Кәсіптің жақсы басқарушы болғанда ғана өнім беретінін, табысы артатынын ұмытпауымыз керек. Ал бизнес түрлері мемлекет меншігіне өтетін болса, оны шынайы мамандар басқарады деп айта алмаймыз. Мәселен, Ресейді мысал қылайықшы. Қазір елдегі санкцияға байланысты әлемнің үздік компаниялары мен брендтері зауыттарын тастап, кетіп қалды. Ал осы жағдайдың басталғанына бірнеше ай болса да, Ресей мемлекет меншігіне алынған зауыттарды басқара алмай отыр. Мысалы, Ресейдегі Nissan компаниясы зауыт басшылары, яғни, бизнесмендер кетіп қалған соң, бірде бір машина құрастырған жоқ. Бұл жоғарыда айтылған сөзімнің нақты мысалы. Мемлекет бизнесті жеке тұлғалар, кәсіпкерлер секілді басқара алмайды. Сондықтан өнімділік азайып, шағын және орта бизнестегі бәсекелестікте мән қалмайды", - дейді Көшебаев.

Сарапшылардың пікірі осындай. Экономика саласының мамандары мемлекеттіндіру саясатын сынға алып, бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру үшін бизнесті еркін ұстау керектігін шегелеп айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2001546-memlekettendirudin-bizneske-aseri-qandai/

pixel