Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуінде не айтты

Жарияланған күні:

Президент ТМД басшыларының бейресми кездесуінде сөз сөйлеуде. Фото
Президент ТМД басшыларының бейресми кездесуінде сөз сөйлеуде. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Достастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қатысқан.

Кездесуде мемлекет басшысы Санкт-Петербургтегі мемлекеттер басшыларының кездесуі ТМД аясындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасуға және келешекте атқарылатын міндеттерді айқындауға жақсы мүмкіндік беретінін жеткізген.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ТМД-ға төрағалығы аясында Достастықтың әлеуетін күшейту үшін бірқатар нақты шара қабылдағанын атап өткен.

"Жыл бойы 80-нен астам ірі шара өткізілді. Экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, тығыз гуманитарлық байланыстарды сақтауға және Ұйымның беделін арттыруға бағытталған көптеген бастама жүзеге асырылды. Біздің бірлескен күш-жігеріміз қазан айындағы Астана саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған құжаттарда айқын көрінді.

Жыл бойы, ең алдымен, ТМД-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясының міндеттерін іске асыруға ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар табысты болды. Қазақстанның ТМД-ға мүше мемлекеттермен арадағы тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 11 пайызға артып, шамамен 30 миллиард долларға жетті. Былтыр осы кезеңде 26,5 миллиард доллар болды. Өсім шамамен 5 миллиард долларды құрады. Бұл – жақсы үрдіс", – дейді мемлекет басшысы.

Санкт-Петербургтағы ТМД президенттерінің кездесуі. Фото
Санкт-Петербургтағы ТМД президенттерінің кездесуі. Фото: Ақорда

Бұдан бөлек президент ішкі өңірлік сауда-саттықтың қарқынын сақтап, экономикалық саясатты қазіргі жағдайларға бейімдеу маңызды екенін айтқан. Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының назарын мынадай өзекті міндеттерді шешуге аударған.

"Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасауға баса мән беру керек. Ол үшін тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою, протекционизмге жол бермеу жұмыстарын жан-жақты жүргізген жөн деп есептейміз. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты іс-әрекеттерді жолға қою қажет. Келесі жылы Астанада өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер министрлерінің конференциясы осы салада ортақ тәсілдер қарастыруға арналады.

Осы саладағы министрлер белсенді қатысады деп сенеміз. ТМД кеңістігінде көлік-логистикалық жобалардың тиімділігін арттыру үшін ынтымақтастықтың жаңа механизмдері мен форматы керек. Осы тұста "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық дәлізінің маңызы артып отыр, сондай-ақ "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" темір жолы маңызды көлік бағыты ретінде зор рөл атқарады", – дейді президент.

Мемлекет басшысы қауіпсіздік саласындағы іс-әрекеттерді келесі маңызды бағыт ретінде атап өткен. Қазақстан төрағалығы аясында қабылданған 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық бағдарламасы бұл міндеттерді атқаруға толық сай келеді.

"Ұйымды қазіргі жаһандық жағдайларға бейімдеу үшін оның әлеуетін үнемі жетілдіріп, Достастықтың халықаралық аренадағы беделін күшейтуге тура келеді. Жақын арада ТМД жанындағы Бақылаушы және Достастықтың серіктесі институттарын құруға қатысты құжаттарды әзірлеу жұмыстары басталады.

ТМД кеңістігінде ортақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және тілдердің қолданыс аясын кеңейту ісінің мәні зор. Санкт-Петербургке Достастықтың 2023 жылғы Мәдени астанасы ресми мәртебесін беру ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірген. Сондай-ақ Садыр Жапаровқа Қырғыз Республикасының ТМД-ға алдағы төрағалығына табыс тілеген.

ТМД басшылары бейресми кездесуде. Фото
ТМД басшылары бейресми кездесуде. Фото: Ақорда

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2003127-toqaev-tmd-ga-muse-memleketter-bassylarynyn-beiresmi-kezdesuinde-ne-aitty/