Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері": депутат Ауыл шаруашылығы министрін сынға алды

Опубликовано:

Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев. Видеодан кадр: парламент мәжілісінің YouTube арнасы

Бүгінгі мәжіліс отырысында депутаттардың бірі Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер туралы әдемі баяндама жасағанын, алайда ол жерлердің нақты кімге тиесілі екенін ашып айтпайтынын сынға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Сіз әдемі баяндама жасадыңыз жаңа. Бірақ мына сіздің айтып жатқан "мыңдаған гектарды біз қайтарып жатырмыз" деген сөзіңізге мен елдің сәлемін айтайын деп отырмын. Жақында елден келдік. Қай облысқа бармасаңыз жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері. Қайтып жатқан жер жоқ.

Мал ұстап отырған, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр. Бірақ қолы күштілер бұрынғы қалпында қалып отыр. Жердің иелерін сіздерге мында шығарып, тақтаға жазып қоюға кім кедергі? Өскеменге барсаңыз жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, Павлодарға барсаңыз Бақауовтыкі, Астананың маңайында Шөкеевтікі, оны айтуға қорқып отыр бәрі.

Жаңағы сіздің баяндамаңызда айтылған мыңдаған гектардың бәрі өтірік. Ана халықтың бәрі наразы болып отыр. Мал ұстаған кісілерге жер жетпей жатыр. Сіздер әдемі баяндаманың орнына осыны қашан нақты қолға аласыздар? Аты-жөнін жазыңыздар, неге ұяласыздар олардан, тақтаға іліп қоюдан? Бұрынғы отырған байлар солар отыр", – дейді депутат Берік Дүйсембинов.

Алайда Ербол Қарашөкеев өзі басқаратын ведомство "әкімдердің жеріне тиіспей, қорғап отыр дегенмен" келіспейтінін айтты.

"Биыл 5,2 млн гектар жерді қайтардық. Кімнің жерлері ол? Сол бұрынғы әкімдердердің, олигархтардың жерлері.

Ендігі жылы да тағы 5 млн гектар жерді қайтарамыз. Ол жұмысты қазір біз жандандырып жатырмыз. Бірінші қаңтардан бастап біздің АИС ГЗК-да негізгі белгілі жерлердің бәрі анықталып, көрсетіледі. Кез келген участоктарды басатын болсаңыздар мемлекеттің резервінде болмаса кімнің жері екенін, қай ұйымдастырылған қожалықтың жері, бәрі анық көрсетіледі. Ол да жұмыс қой. Бұрын болмаған жұмыс. Қазір енді ол жұмыс жалғастырылып жатыр.

Біз заңға сәйкес жұмыс жасаймыз. Сен кім болмасаң да, жерді заңды түрде пайдаланып отырсаң оған біздің тиісуге құқығымыз жоқ. Бірақ та жерді пайдалануда заңнаманы бұзушылық анықталған жағдайда, біз ол жерді қайтарып алып жатырмыз. Сот арқылы қайтарудамыз, өздері де қайтарып жатқандары бар.

5,2 млн гектар жер өтірік дейсіз. Қазір интерактивті картаны дайындап жатырмыз. (...). Біз 5,2 млн гектарды жүктеп, әрбірінің (жердің - ред.) қандай иесі болғанын көрсетуге, сол 5,2 млн гектардың әрбір гектарына есеп беруге дайынбыз. Жұмыс жасалып жатыр", – дейді Ауыл шаруашылығы министрі.

Кейін мәжіліс кулуарында Ербол Қарашөкеев биыл мемлекетке 5,2 миллион гектар жер қайтарылғанын тағы атап өтті. Оның айтуынша, негізінен бұл жерлер, мақсатты түрде тиімді пайдаланылмаған ірі учаскелер есебінен құрылған.

"Біз бұл учаскелерді қайтардық, олар мемлекет резервіне өтті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіндегі әріптестер интерактивті карта дайындауда, дайын болған кезде сіздер бұл жерлердің қайдан, қай аймақтардан қайтарылғанын көресіздер. Мен сіздерге фамилия бойынша айта алмаймын. Оны осы интерактивті картаның ішінен көруге болады.

Онда үлкен учаскелер бар. Әрине, олар жай адамдарға тиесілі болмаған. Мен мүлдем қорықпаймын (фамилияларды атаудан – ред.). Ондағы тізімде 10 адам емес, онда мыңдаған адам, мыңдаған кәсіпорын бар, олардың жерлері қайтарылды. Бұл аз көлемдегі жер емес. Мен қазір олардың атын атауға дайын емеспін, өйткені менің қолымда бұл тізім жоқ", – деп сөзін түйіндеді АШМ басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2003427-zoldyn-on-zagy-da-sol-zagy-da-akimnin-zeri-ony-aituga-bari-qorqyp-otyr-deputat-auyl-saruasylygy-ministrin-synga-aldy/

pixel