Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова президентке есеп берді

Опубликовано:

Мәдина Әбілқасымова президент қабылдауында
Мәдина Әбілқасымова президент қабылдауында. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Мәдина Әбілқасымоваға президентке биыл 11 айда қаржы нарығын дамыту және қаржы ұйымдарын реттеу жөнінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берген.

Сондай-ақ мемлекет басшысына биылғы күрделі макроэкономикалық жағдайларға қарамастан банк секторының тұрақтылығы мен орнықтылығы қамтамасыз етілгені жөнінде баяндаған.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктердің активтері жыл басынан бері 14,4 пайызға өсіп, 43,1 триллион теңгеге жеткен. Халықтың салымдары 16,8 пайызға немесе 15,7 триллион теңгеге дейін көбейген.

Сонымен қатар экономиканы кредиттеу ісін ынталандыру мақсатында агенттік капитал босатуға және өтімділікке қатысты реттеу шараларын қабылдап, кепілзат саясатына қойылатын талаптарды жеңілдеткен. Нәтижесінде экономиканы кредиттеу көрсеткіші жыл басынан бері 20,1 пайызға немесе 22,2 триллион теңгеге дейін артқан. Оның ішінде бизнесті кредиттеу көлемі 7,3 пайызға немесе 8,3 триллион теңгеге дейін өскен, сондай-ақ шағын және орта бизнесті кредиттеу көрсеткіші 8,6 пайызға немесе 4,9 триллион теңгеге дейін ұлғайған.

Бұдан бөлек Мәдина Әбілқасымова президентке халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеу шаралары туралы ақпарат берген. Атап айтқанда, микрокредиттердің сыйақы мөлшерлемесі төмендетіліп, борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу тәсілі қатаңдатылған. Сонымен бірге банктер мен микроқаржы ұйымдарының (МҚО) проблемалық кредиттермен жұмыс істеу жөніндегі жеке жоспарлары қабылданған. Жалпы микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың қызметіне қойылатын талап күшейген. Биыл 23 микроқаржы ұйымы мен 35 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылған.

Агенттік төрағасының мәліметінше, сақтандыру нарығында жаңа әлеуметтік сақтандыру өнімдері енгізіліп, сақтандыру қызметтерін цифрландыру үшін жағдай жасалған. Қор нарығында жеке санаттағы инвесторларды қорғау шаралары күшейтілген. Олардың саны екі жылда 4 есе артып, 526 мыңға жеткен.

Кездесу соңында мемлекет басшысы агенттік төрағасына қаржы нарығын реттеу ісін одан әрі дамытуға және осы салада тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар міндет жүктеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2003485-qarzy-narygyn-retteu-zane-damytu-agenttiginin-toragasy-madina-abilqasymova-prezidentke-esep-berdi/

pixel