Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қашанғы көзді жұмып отыра бересіздер": депутат жаңаөзендіктердің мәселесі бойынша премьер-министрге сауал жолдады

Опубликовано:

Еділ Жаңбыршин
Еділ Жаңбыршин. Фото: facebook.com/edilzh

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин премьер-министр Әлихан Смайыловқа маңғыстаулық мұнайшылардың мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат өз сауалында соңғы жылдары еліміздің батыс өңірінде мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялардың жұмысшыларының ереуілдері жиі орын алып жатқанын атап өтті.

"Күні кеше маңғыстаулық мұнайшылар өңірде өз мәселелері шешілмегендіктен Астанаға келді. Өткен жылы да осындай оқиға бас қаламызда орын алған болатын. Сонымен қатар кешегі сайлауалды үгіт-насихат кезінде бірнеше сервистік компания "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының ережелерінің, талаптарының ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін айтып шағымданған болатын. Мысалы, Маңғыстауда бір ЖШС жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Мұнайлы ауданында, Жетібай кентінде цехтар ашып, негізінен жергілікті әйелдерді тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған болатын. Алайда жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен контракт ала алмай немесе баға демпингісінен контракт сомасы едәуір төмендесе, 90 пайыз жұмысшы жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады", - дейді Еділ Жаңбыршин.

Депутат бұған дейін, яғни, мәжілістің жетінші шақырылымында Маңғыстаудағы жұмыссыздыққа және еңбек дауларына қатысты мәселелерді көтергенін еске алып өтті.

"Бірақ үкімет, "Самұрық-Қазына, "ҚазМұнайГаз" және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар жасалынбады. Тиісті нәтиже болмады. Ал Маңғыстауда "жарылайын деп тұрған жара" көп. Оларды кешенді түрде "емдеумен" айналыспаса, дау әрі қарай жалғасып, ушыға береді.

Үкімет комиссиясын құру жөнінде де хат жоладық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер? Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең "қолымызды мезгілінен кеш сермедік" деп жүрмеңіздер", - дейді депутат үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Сондай-ақ ол Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылардың жұмыссыздық мәселесінің түпкі себебін айтып, жағдайды реттеуге байланысты ұсыныс білдірді.

"Сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қатамасыз етуге мүдделі. Бірақ келесі факторлар - тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оларға мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр.

Айта кететін жайт, өткен сенбі күні Ақтау қаласында ереуілге шыққан "БерАли Маңғыстау Company" мекемесінің басшыларымен кездестім. Жоғарыда келтірілген жайттарды олар да айтты. Компанияның ресми өтініші бойынша жұмыстар жасалынып, құзырлы органдарға мәлелені жан-жақты зерделеп, мәселені тиісті шешімдер қабылдау үшін хат жолданды.

Құрметті Әлихан Асханұлы, көтеріліп отырған мәселеде жүйелі қателіктер бар екені анық, Сондықтан "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры өздерінің ережелеріне келесі өзгерістерді шұғыл түрде енгізуі қажет деп есептейміз:

1. Баға демпингісіне шектеу қою. Мысалы, тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек.

2. Сервистік компаниялармен көпжылдық келісімшарттарға отыру сұрағы шешілсін, яғни компаниялардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

3. Тендерге шығарылатын қызметтердің қаржы көлемінде еңбекақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойына түспеу керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепіл болады. Және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайды мемлекеттік компаниялар мен тапсырыс беруші тарапынан бақылап отыруға мүмкіндік туады.

Бұдан басқа кешегі дау туғызған тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса, тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекмелердің лауазымды тұлғаларын жауапкершілігі қарастырылсын.

Сөз соңында айтпағымыз, Конституцияға сәйкес, еліміздің байлығы халыққа тиесілі, яғни, қазба байлық тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі керек. Сондықтан "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры және оның портфельдік компаниялары жаңаша, ашық, әділ жұмыс жасап, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға нақты қадамдар жасасын", - деді депутат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2016435-qasangy-kozdi-zumyp-otyra-beresizder-deputat-zanaozendikterdin-maselesi-boiynsa-premer-ministrge-saual-zoldady/

pixel