ЖЭО-лардың қайсысы келесі жылыту маусымына дайындықты бастап кетті
Жарияланған күні:
Жылу беру маусымы аяқталғанына көп бола қоймағанына қарамастан, еліміздің кей жылу-электр орталықтары келесі маусымға дайындықты бастап кетті. Олардың қатарында Жезқазған, Балқаш ЖЭО-лары мен «Топар» МАЭС-ы бар. Бұл орталықтарда күн суығанға дейін қандай жұмыстар жүргізу жоспарланып отырғаны туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Жезқазған ЖЭО-сындағы модернизация
Былтырғы қыс Қазақстан жылу-электр орталықтарының жұмысында көптеген түйткіл барын аңдатып, маңызды сабақ алуға мүмкіндік берді. Күні кеше Ұлытау өңіріне жұмыс сапары аясында Жезқазған жылу электр орталығына барған еліміздің премьер-министрі Әлихан Смайылов та осыны еске салған болатын. Министрлер кабинетінің басшысы алдағы қыста жылуды үздіксіз қамтамасыз етуді бүгіннен қолға алу керектігін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, кәсіпорында қосымша қазандықты іске қосып, жұмыс істеп тұрған құрал-жабдықтарды қайта жаңғырту қажеттігіне назар аударылды.
«Сізде тозығы жеткен жабдықтардың үлесі 74 пайызды құрап отыр, келесі жылыту маусымында бұған дейін (Екібастұзда – ред. ескертпесі) болған төтенше жағдайлар қайталанбауы үшін жаңа маусым басталғанға дейін ЖЭО-ның тұрақты жұмыс істеуіне инвестиция салуымыз керек», - деп атап өтті Смайылов.
Сол арада «Қазақмыс Энерджи» компаниясы қазірдің өзінде бұл бағытта жұмысты бастап кеткенін мәлімдеді. Соңғы бірнеше жылдың өзінде меншік иесі кәсіпорынды жаңғыртуға 10 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған.
«Жабдыққа жыл сайын техникалық қызмет көрсету бағдарламасы аясында биыл ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде қазандықтың қаңқасын қалпына келтіріп, толық ауыстыру арқылы №8 қазандық агрегаты жаңғыртылуда, №10 қазандық агрегатының орнына жаңа қазандықты құру қолға алынған. Алдағы уақытта №5 турбоагрегатты ауыстыруды жоспарлап отырмыз», - деді Жезқазған ЖЭО-сының бас директоры Мадияр Алтыбаев.
Бүгінгі таңда кәсіпорынның электр қуаты 244 МВт, жылу қуаты сағатына 496 Гкал. Жылу электр орталығында 2-і күрделі жөндеуден өткен 8 қазандық агрегаты мен 5 турбогенератор бар.
Балқаш ЖЭО-сы: Бұзылғанды – жөндейміз, ескіні – ауыстырамыз!
Балқаш жылу электр орталығы 1000-нан астам көпқабатты үйді, жеке секторды және жергілікті өндірістік кәсіпорындарды жылумен, ыстық сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Өткен жылыту маусымында қыстың әжептәуір суық болғанына қарамастан ЖЭО ақаусыз жұмыс істеді. Дегенмен бұл арқаны кеңге салуға негіз емес: компания 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бойынша ауқымды жұмыстарды бастап кетті. Мұнда негізгі құрал-жабдықтардан бөлек қосалқы құрал-жабдықтарды да жөндеу жоспарланған.
«Біз екі қазандық агрегаты мен үш турбинаны ағымдағы жөндеуден өткізуді, сондай-ақ бір турбина мен бір қазандық агрегатын күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Жабдық бойынша 4 қазандық пен 4 турбина бар, қазір инвестициялық жоба аясында 5 қазандық агрегаты орнатылып жатыр», – дейді Балқаш ЖЭО-сы бас инженерінің орынбасары Николай Ижик.
Бұл мақсаттарға бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 4 миллиард теңгеден асады. Сондай-ақ негізгі жабдық – шапшаң буландырғышты сатып алу және ғимараттар мен құрылыстарды жөндеу жоспарда бар.
Айта кетейік, 1937 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындағы тозу деңгейі қазір 69 пайызды құрап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, тарифті өзгертпей ЖЭО-ны толыққанды жаңғырту мүмкін емес – мұны коммуналдық кәсіпорындар тиімсіз деп санайды.
«Топар» МАЭС-ы: жұмыс басталып кетті
Топар ауылы мен Абай қаласындағы 350-ден астам үйді жылумен және электрмен қамту «Топар» МАЭС-ының жұмысына байланысты. Стратегиялық нысан үшін өткен маусым ақаусыз және апатсыз өтті, жылу энергиясының барлық кестесі орындалды. Жылу тұтынушыларға қажетті мөлшерде жетті – жергілікті тұрғындар тарапынан қызмет көрсету сапасына қатысты шағым болмады. Келесі жылыту маусымы да сәтті өтуі үшін мұнда қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Биыл үш қазандық пен екі турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, мердігерлер учаскеге келіп жеткен.
«№3 турбинаның маңызды екені де анық, 130 МВт үнемді электр қуатын алу стансаның №1 міндеті. Біз бұл турбинаны мүмкіндігінше жылдам іске қосуды көздеп отырмыз, алайда қаржыландырудың жеткіліксіздігінен процесс қиындап кетті», - дейді «Топар МАЭС» ЖШС-нің операциялық директоры Александр Бузо.
Оның айтуынша, жылу мен электр энергиясының тарифтері сын көтермейді.
«Біз іс жүзінде шығынға батудамыз. Өзіндік құны тарифтерден жоғары болып отыр. Ақшаны қайдан алуға болады, пайда жоқ – бір жағынан тарифтер өзгеріссіз, екінші жағынан дүние жүзінде ресурстардың бағасы өсіп жатыр. Мәселен, қазір тұрғындар электр қуатына бір кВт үшін 8,78 теңге төлейтін болса, нақты құны бір кВт үшін 10 теңге шамасында», - дейді маман.
Оның айтуынша, тарифтерді тежеу реконструкция мен жаңғырту жасамақ түгілі, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік бермейді. Кәсіпорынның жұмысын тоқтатпау тек «Қазақмыс» компаниясы орасан зор қаражат құйып отырғанының арқасында ғана мүмкін болып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2018110-zeo-lardyn-qaisysy-kelesi-zylytu-mausymyna-daiyndyqty-bastap-ketti/