Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесіне бөлінетін қаржы тағы қысқаруы мүмкін екенін айтты

Опубликовано:

Қағазға толтырып отырған ер адам
Қағазға толтырып отырған ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев палата кулуарында Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесіне бөлінетін қаржының қысқаруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

БАҚ өкілдері Әшімбаевқа "экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесін ұстауға миллиардтаған теңге бөлініп жатыр, бүгінде ол қажет пе?" деген сұрақ қойды.

Бұған жауап берген сенат төрағасы экс-президенттік аппараттың болуы әлемдік тәжірибеге жататынын айтты. Оның сөзінше, мұндай үрдіс Батыс елдері мен АҚШ-та кең қалыптасқан және Қазақстан да бұл тәжірибені игеру керек.

"Білуімше, кеңсені ұстауға кететін сома қысқартылды, бірақ қаншаға екенін айта алмаймын. Онда жұмыс істейтіндер саны да күрт азайған.

Бюджетті қарастырғанда қаржыландыру мәселесін қарастыратын шығармыз. Сондықтан, өткен жылдармен салыстырғанда қазір онда көп адам жұмыс істемейді және бұрынғыдай үлкен функциялары жоқ", - деді ол.

Әшімбаевтың айтуынша, алдағы уақытта мәселе Қаржы министрлігімен талқылануы мүмкін.

"Қазір жұмысшылар саны қысқартылды. Алдағы уақытта қаржы мәселесіне байланысты бюджетті қаржы министрлігімен талқылаймыз деп ойлаймын", - деп түйіндеді Әшімбаев.

Еске сала кетейік, биыл қаңтар айында Қазақстанның Конституциялық сотының алғаш шығарған шешіміне сәйкес "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" заңының күші жойылды деп танылған.

Бұл шешім Конституцияға енгізілген түзетулер күшіне енгеннен кейін, оның ішінде тұңғыш президенттің мәртебесіне қатысты өзгеріс енгізілгеннен кейін қабылданды.

Ақпан айында журналистер қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан "Елбасы туралы" заңның күші жойылғаны туралы ресми жарияланғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесін қаржыландыру мәселесі не болатыны туралы сұраған еді. БАҚ өкілдері қаржыландыруға 3 жыл ішінде 5,6 млрд теңге бөлінгенін айтқан.

Қаржы министрі нормативтік құқықтық актілер сәйкестендірілгенде кеңсені қаржыландыру қысқартылатынын мәлімдеді.

Кейін қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков биыл бұрынғы президент кеңсесін қаржыландыру 130 миллион теңгеге қысқартылатынын хабарлады. Бірақ биылғы жылдың өзінде кеңсені қаржыландыруға бюджетте шамамен 1-1,5 млрд теңге қарастырылған, деп түсіндірді қаржы министрлігі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2020102-asimbaev-nursultan-nazarbaev-kensesine-bolinetin-qarzy-tagy-qysqaruy-mumkin-ekenin-aitty/

pixel