Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылуы мүмкін

Жарияланған күні:

Әр елдің валюталары
Әр елдің валюталары. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мәжіліс депутаттары заңсыз шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтаруды көздейтін заң жобасын қарауға кірісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Парламент мәжілісінде "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасына түзетулер енгізу қолға алынды.

Депутат Магеррам Магеррамов негізгі заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты оның тетіктерін айқындауға бағытталғанын айтты.

"Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты – заңсыз сатып алынған және шығарылған активтердің сақталуын, басқарылуын, өткізілуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаумен, қамтамасыз ету шараларын қолданумен, шығу тегін растаумен, іздестірумен (ашумен) байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу", - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, ілеспе заң жобалары негізгі заң жобасының ережелерін жүзеге асыру үшін әзірленген әрі қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзету енгізуді көздейді.

Депутат Магеррам Магеррамов "Прокуратура туралы" конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне және басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар қарастырылатынын атап өтті. Жалпы саны 11 кодекс және 13 заңға түзутулер енгізілетінін айтты.

"Мысалы, қоғамдағы әлеуметтік әділетті қалпына келтіру, заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру, активтерді заңсыз сатып алуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою", - деді депутат.

Оның айтуынша, "Заңсыз шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы" заң жобасы мен оған қатысты заң жобалары қолданысқа енгізілгеннен кейін Бас прокуратура құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылады. Сондай-ақ ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын атқаратын болады.

Одан бөлек мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару үшін арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құрылуы мүмкін. Бұл қайтарылған активтерді қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсауға және бұл процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

"Осылайша, активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмысының нақты және ашық тетігі құрылады. Комитет бұл заң жобаларын жұмысқа қабылдауға дайын", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2021857-qazaqstannan-zansyz-sygarylgan-aktivterdi-elge-qaitaru-usin-memlekettik-qor-quryluy-mumkin/