Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында не туралы айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысында
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысында. Фото: t.me/aqorda_resmi

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Мемлекет басшысының отырыста сөйлеген сөзін Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында жариялады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қиындықтар бүкіл әлемнің экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал етіп отырғанын атап өтті.

"Биыл халықаралық қаржы институттары әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды, орташа есеппен алғанда, шамамен екі есе төмендетті.

Бірақ сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Одаққа мүше мемлекеттер макроэкономикалық тұрақтылығын сақтап, экономикалық өсім қарқыны мен өзара сауда көлемін арттыруда", - деді президент

Сондай-ақ президент ЕАЭО құрылғаннан бері Қазақстанның одаққа мүше өзге елдермен арадағы тауар айналымы 74 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Осы орайда экспорт 98 пайызға өскенін, бұл жақсы көрсеткіш екенін айтты.

Одан бөлек президент Қазақстан өз мүмкіндіктері мен ресурстарын пайдалана отырып, ЕАЭО-ның сенімді логистикалық орталығы ретінде әрекет ететінін жеткізді.

"Ол үшін Челябинскіде жүк жинақтайтын орталық аша отырып, "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалануға болады. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау темір жол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автомобиль жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз.

Тиісті жүк тасымалы ағынын қалыптастыру үшін күш жұмылдыру маңызды. Сол себепті Қазақстан мұны сөзсіз іске асырады. Бақты – Аягөз темір жолының құрылысын өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нақты мысалы деуге болады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді", - деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанның одақты дамытуға қатысты ұстанымы - одаққа мүше елдердің экономикалық әлеуетін дәйекті түрде арттыру. Яғни, жобалар, технологиялар, жұмыс орындары, салықтар екенін атап өтті.

"Біз күш біріктіре отырып, алдымызға қойған барлық міндетті табысты атқаратынымызға және Еуразиялық экономикалық одақты дамудың анағұрлым жоғары деңгейіне шығаратынымызға сенімдімін", - деді президент.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып, одаққа мүше мемлекеттер басшыларымен ЕАЭО-ның қызметі мен даму перспективаларына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын хабарлағанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2022084-toqaev-zogary-euraziyalyq-ekonomikalyq-kenes-otyrysynda-ne-turaly-aitty/

pixel