Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев "Челябі - Болашақ - Иран" жүк пойызын іске қосуды ұсынды

Опубликовано:

Пойыздар
Пойыздар. Көрнекі фото: pexels.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ЕАЭО-ның көлік инфрақұрылымы туралы айтты, деп хабарлайды Ақорда ресми Telegram-дағы ресми арнасында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Челябіде жүктерді шоғырландыру орталығын құру арқылы Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалану қажет.

Президент сондай-ақ Қазақстан біздің Бейнеу-Маңғыстау теміржол желісіндегі және Бейнеу-Шалқар тас жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға дайын екенін айтты.

"Тиісті жүк тасымалы ағынын қалыптастыру үшін күш жұмылдыру маңызды. Сол себепті Қазақстан мұны сөзсіз іске асырады. Бақты – Аягөз темір жолының құрылысын өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нақты мысалы деуге болады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді, - деді мемлекет басшысы.

Президент қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан өзінің географиясы мен мүмкіндіктерін ескере отырып, еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияны дамыту орталығы ретінде әрекет етуге дайын екенін айтты.

"Бұл электромобильдер, магистральдық локомотивтер, вагондар, ауылшаруашылық және жеңіл көлік техникалары, құрылыс материалдары мен химия өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорындар болуы мүмкін.

Біз сондай-ақ одан әрі өңдеп, дайын өнім өндіріп, қара және түсті металдар кен орындарын игеру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз", - деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, интеграцияны одан әрі дамытудың тағы бір маңызды бағыты жаңа халықаралық көлік артерияларын құру болуы мүмкін.

"Біздің Экономикалық Одақ сайып келгенде Еуропа мен Азияны, жаһандық оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын дәнекерге айналатынына сенімдімін. Біз Ресей Федерациясының Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері бағытында дәліздер құру ниетін құптаймыз. "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізін Транскаспий бағытымен бірлесіп дамыту қажеттілігі туралы түсінік пісіп-жетілді деп есептеймін.

Осыған байланысты Қазақстан өзінің барлық мүмкіндікпен ресурсын пайдалана отырып, ЕАЭО-ның сенімді логистикалық хабы ретінде әрекет ететін болады. Маңызды бастамалар ретінде біз "Челябі-Болашақ-Иран" теміржол желісі бойынша жүрдек жүк пойыздарын іске қосуды ұсынамыз", - деп түйіндеді сөзін Тоқаев.

Еске салайық, кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Мәскеуге келген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2022090-toqaev-celyabi-bolasaq-iran-zuk-poiyzyn-iske-qosudy-usyndy/

pixel