"Отписка" жасауды қашан тоқтатасыздар": депутат Әлтаев үкіметке наразылық білдірді
Жарияланған күні:
7 маусым күні өткен парламент мәжілісінің отырысында депутат Аманжол Әлтаев депутаттық сауалдарға қанағаттанарлық жауап бермейтініне нарызылығын білдіріп, үкімет басшысына парламент мәжілісі депутаттарының "датын жеткізді". Бұл туралы парламент мәжілісіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Құрметті үкімет мүшелері! Төрт көзіңіздің түгел отырғанын пайдалана отырып, мен бүгін сіздерге барша парламент мәжілісі депутатының датын жеткізгім келеді. Біз әрбір апта сайын құйрық жалын түйіп, аманаттап сіздерге депутаттық сауал жолдаймыз.
Өкінішке қарай, сол депутаттық сауалдың көбісіне қанағаттанарлық жауап ала алмай келе жатырмыз. Халықтың ішінде депутат айта береді, үкімет өз дегенін істейді деген сөз мәтелге айналып бара жатыр. Мемлекет басшысы халық үнін еститін үкімет қалыптасуы керек деді. Депутаттардың әрбір сауалының астында халықтың үні, талап-тілегі, тағдыры жатқан жоқ па?
Сондықтан да құрметті үкімет мүшелері, "отписка" жасауды қашан тоқтатасыздар? Осы үкімет мүшелерінің атынан премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың уәдесін естігіміз келеді", - деді Аманжол Әлтаев.
Өз кезегінде премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр келіп түсетін депутаттық сауалдың барлығын премьер-министрдің орынбасары деңгейінде де, премьер-министр деңгейінде де үнемі мұқият қаралатынын айтты.
"Депутаттық сауалдарға келетін болсақ, біз оларды премьер-министрдің орынбасары деңгейінде де, премьер-министр деңгейінде де мұқият қараймыз. Сондықтан біз толық жауап беруге уәде береміз. Егер сұрақтар туындаса, премьер-министрден бастап барлық үкімет мүшелері кез келген уақытта диалогқа ашық", - деді Роман Скляр.
Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов барлық сауалдар мен жауаптарға сараптама жасап, премьер-министрдің атына парламент мәжілісінің төрағасы қолымен хат жіберуді ұсынды. Бұдан нәтиже шықпаған жағдайда, күзде осы мәселеге қайтып оралып, үкіметті шақырып, тыңдауға болатынын айтты.
"Былай істейік. Бізде аппарат бар. Жаңағы депутаттық сауал жолдаған әріптестер бар. Осы барлық сауалдарға, жауаптарымызға сараптама жасап, премьер-министрдің атына менің қолыммен хат жіберейік бірінші кезекке. Егер одан нәтиже болмайтын болса, күзде осы мәселеге қайтып оралып, үкіметті шақырып, тыңдауға мүмкіндігіміз бар, солай ма? Келістік онда", - деді Ерлан Қошанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2023750-otpiska-zasaudy-qasan-toqtatasyzdar-deputat-altaev-ukimet-bassylaryna-narazylyq-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.