"Үкімет жауапкершілігін атқаруда": Алтай Көлгінов көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау туралы айтты
Жарияланған күні:
Үкімет әлеуметтік қолдау бойынша мемлекет ретінде жауапкершілігін атқарып жатыр. Депутатттың сауалына жауап берген премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бүгінгі мәжілісі отырысында депутат Шапақ Үнзила премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі инфляция мәселесін көтерді.
Депутаттың сөзінше, бүгінде инфляцияның деңгейі 20,3 пайызды құрайды, азық-түлік тауарларының бағасы 25,3 пайызға өскен. Ал әлеуметтік төлемдер мөлшері қазіргі инфляциядан екі есеге төмен.
"Құрметті Алтай Сейдірұлы! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 30 наурыздағы парламент мәжілісінің жалпы отырысында биылғы жылы инфляция деңгейін екі есеге төмендетуді тапсырған болатын. Бұл ретте мемлекет басшысы азық-түлік тауарларының бағасын бақылау қажет екенін ерекше атап өткен. Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне жоғары аудиторлық палата ұсынған қорытынды негізінде 2022 жылдың нәтижесі төмендегідей болып отыр: нысаналы дәлізден (коридордан) - ол 8-ден 10 пайызды болжаған болса, 10-нан 3 пайыздық тармаққа асыра отырып, инфляцияның деңгейі қазіргі таңда 20,3 пайызды құрады.
Азық-түлік тауарлардың бағасы шарықтап, 25,3 пайызға өсті. Халықтың нақты ақшалай табысы 1 пайызға төмендеді. Бұл ретте әлеуметтік төлемдер 9-дан 11 пайызға ұлғайды. Яғни қалыптасқан инфляциядан жаңа айтып өткен - 20,3 пайыздан екі есеге төмен болып отыр.
Конституция бойынша Қазақстан Республикасы әлеуметтік мемлекетті орнықтыратыны айқын жарияланған. Сондықтан, Алтай Сейдірұлы, осыған байланысты менің сұрағым мынадай: сіз инфляция деңгейі мен әлеуметтік төлемдердің ұлғаюы мөлшерлес болуы керек деп есептейсіз бе? Үкіметтің әлеуметтік төлемдерді инфляция деңгейіне дейін ұлғайту бойынша қандай болжам бар?", - деді Шапақ Үнзила депутаттық сауалында.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, бүгінде әлеуметтік осал топтарға байланысты 900 мыңнан астам адамға, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға төленетін әлеуметтік қолдаулар мен төлемдердің мөлшері өскен.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз бірқатар іс-шараны қабылдадық. Иә, өткен жылы инфляцияның жоғары болуына байланысты біздің азаматтардың табыс көзі төмендегені рас. Сондықтан биыл үкімет бірқатар іс-шараны қабылдады. Егер әлеуметтік осал топтарды айтатын болсақ, соның ішіндегі мүгедектігі бар азаматтар тұтастай алғанда, 900 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік қолдаулар, төлемдер көтерілді. Жылдың басында 8.5 пайыз, осы бірінші шілдеден бастап 14,5 пайыз тұтастай алғанда 23 пайызға көбейеді", - дейді ол.
Сондай-ақ Алтай Көлгінов зейнетақыға қатысты ең төменгі базалық өлшем 21 пайызға көтерілгенін айтты. Бұдан бөлек ол дәрігерлер мен мұғалімдердің, азаматтық қызметшілердің жалақысы да көбейгенін атап өтті.
"Одан бөлек зейнетақыға қатысты ең төменгі базалық өлшем 21 пайызға көтерілді. Орташасы 16 пайыз, жоғарғысы 8 пайыз. Сонымен қоса, біздің дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, мұғалімдердікі 25 пайызға, ал азаматтық қызметшілердің (1 200 000 адам) жалақысы 20 пайызға көбейді. Тұтастай алған кезде 4 400 000 азамат мемлекеттен 4 трлн 700 млрд теңгеге қолдау алады. Демек, үкімет осы әлеуметтік өзінің мемлекет ретінде жауапкершілігін атқаруда", - деді премьер-министрдің орынбасары.
Сонымен қатар Алтай Көлгінов жеке кәсіпкерлердің есебінен 2 мыңнан астам мекемедегі 1 млн жұмыскердің жалақысы 10 пайыздан 50 пайызға дейін көтерілгенін мәлімдеді.
"Бұдан бөлек колледждің және жоғары оқу орны студенттерінің шәкіртақысы осы бірінші қыркүйектен бастап 20 пайыздан 50 пайызға дейін көтеріледі.
Егер біз бюджеттің шығысын қарайтын болсақ, 8,5 трлн теңге - бұл бюджеттің шығысынан 40 пайызға жуығы осы әлеуметтік қолдауға жұмсалады. Бұл жұмыс жалғасатын болады", - деп түйіндеді сөзін Алтай Көлгінов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2023768-ukimet-zauapkersiligin-atqaruda-altai-kolginov-korsetilip-zatqan-aleumettik-qoldau-turaly-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.