Сенатор Дүйсембинов: Жүн мен тері бойынша Қазақстан Өзбекстанның ең ірі шикізат базасына айналып бара жатқан сияқты
Жарияланған күні:
Парламент сенатында өткен үкімет сағатында сенатор Дүйсембинов Сұлтан отандық жүнді өндіру және саланы дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді перспективалық жобалар туралы сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жыл сайынғы жүннің барлық түрінің өндіріс көлемі шамамен 40 мың тоннаны құраған. Оның 98 пайызы қой жүні.
"Өзіңіз айтып кеткендей, 2022 жылы жүннің тек 14 пайызы экспортқа жіберілді, қалғаны өндірілмеген қалдық болып қалып отыр.
Осылайша елімізде былғары өндірісі, қой жүнін өңдеу толығымен жоғалды. Бұл ретте Қазақстанға тоқыма өнеркәсіп өнімінің 90 пайызына дейін сырттан әкелінеді. Ал елде өндірілетін тері мен жүннің 74 пайызы жойылуда", - деді ол.
Сенатор елімізде жыл сайын үш миллионға жуық мал терісі өндірілмеген күйде далаға тасталғанын айтты. Дүйсембиновтың сөзінше, барлық өндірілмеген мал терісі кәдеге жаратылғанда, шаруалар шамамен 14 млрд теңге табыс табатын еді.
"Мәселен, жаңа Өзбекстанда мемлекеттік деңгейде жүйелі қолдау, былғары аяқ киім және үлбір жүн бағыттары экономикадағы ең жылдам дамып келе жатқан бағыттардың біріне айналды. Қазақстан тоқыма өнеркәсіп өнімінің 90 пайызына дейін сырттан әкелінеді. Бұл ретте Қазақстан Өзбекстанның жүні мен терісінің ең ірі шикізат базасы болып бара жатқан сияқты", - деді ол.
Осыған байланысты Дүйсембинов елде отандық жүн өндірісін жолға қою үшін қандай әрекет жасалып жатқаны және саланы дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді перспективалық жобаларды әзірлеу жоспарда бар ма деген сұрақ қойды.
Сұраққа жауап берген Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Қазақстан нарығында жүнге сұраныс болмауы өте күрделі мәселе және оны шешу - ауыл шаруашылығы министрлігінің ең маңызды мақсаты. Ол жүннен киім тоқитын кәсіпорындарды құру керектігін айтты.
"Жүннің ішінде жаңағы биязы жүн бар, ірі жүн бар, қалшық қылшықты биязы жүн бар. Енді ол өнеркәсіпті әрі қаратай дамытып, ол жүнді әрі қарай өңдеп, ол жүннен киім тігетіндей, киім жасайтындай кәсіпорындарын құру керек. Мемлекет тарапынан ынталандыру, көмек көрсету мәселесін де пысықтау керек", - деді ол.
Сондай-ақ Қарашөкеев ірі жүннің ең үлкен мәселесі әлемде жүнге деген сұраныстың жоқтығы екенін айтады. Сөзінше, соңғы 30-40 жылдың ішінде тұтыну нарығы өзгеріп кеткен.
"Сол себепті, жаңа жолдарын іздестіру керек. Біріншіден, ірі жүн төменгі сапалы жүн болатын болса, оның басқа да пайдалану жолдарын, тәсілдерін табу керек. Азық қоспаларды дайындау, ірі жүннен құрылыстағы жылытқыш жасау, жылы жайларда да, жылы жайға гидропониканы қолдану мәселесі де бар. Оның бәріне ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан ең алғашқы көмек көрсетіліп жатыр", - деп түсіндірді ол.
Қарашөкеев қаржыландыру мәселесінде де, субсидия жағынан да арнайы жаңа ереже жасалғанын мәлімдеді. Ережеге сәйкес тері өңдеу, жүн өңдеу кәсіпорындарының бәрі де инвестициялық субсидияны ала алады.
"Қазіргі таңда ережелер маусым айының аяғына дейін бекітілетін болады. Сол себептен, ол проблеманы бақылауымызда ұстап отырмыз. Осы жылдың аяғына дейін үш-төрт жобаны іске асырып, жүнге сұраныс пайда болады деп өзіміз сенімді болып отырмыз", - деп түйіндеді сөзін Ербол Қарашөкеев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2025062-senator-duisembinov-zun-men-teri-boiynsa-qazaqstan-ozbekstannyn-en-iri-sikizat-bazasyna-ainalyp-bara-zatqan-siyaqty/