Үкімет сағатында өндірістік аймақтарда тұрғын үй салуды шектеу мәселесі көтерілді
Жарияланған күні:
Парламент сенатында өткен үкімет сағатында бүгін Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу мәселелері талқыланып, онда осы саладағы бірқатар мамандар түйткілді мәселелер мен оны шешу жолдарын сөз етті. Жиында сөз алған "Ет өңдеу кәсіпорындарының қауымдастығы" ЗТБ төрағасы, "Кублей" консерві зауытының директоры Талғат Берекешев өндірістік аймақтарға тұрғын үйлердің ретсіз салынуын қадағалау қажет екенін еске салды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Берекешевтің айтуынша, ет саласы отандық өнімдерді шетел нарығына шығару бойынша бірқатар проблеманы бастан кешіріп отыр. Оның бірден-бір себебі ет бойынша халықаралық деңгейде ұсыныс жасайтын «Халықаралық эпизоотикалық бюро» Қазақстанды аусыл ауруынан ада елдер қатарына қоспаған.
"Бірінші проблема – елде малды мал сою орындары мен алаңдарында жүзеге асырады. Мал соятын орындарда крематорлар ұстау және тұтынуға жарамсыз қалдықтар мен сүйектерді өңдеу тиімді емес, өйткені мал сою алаңдарына малдың аз түсуіне байланысты бұл экономикалық тұрғыдан кіріс әкелмейді. Сондықтан қалдықтар қоқысқа тасталады, ол жерден аң-құстар алып кетіп түрлі мал инфекциясын бүкіл Қазақстан бойынша тарата бастайды", - деді Берекешев.
Сонымен қатар Талғат Берекешев Ресей 2022 жылы өзінің ет өңдеушілерін қолдау мақсатында 200 мың тонна, 2023 жылы 100 мың тонна ірі қара мал етін баж салығынсыз кіргізуге рұқсат бергенін еске салды. Мұның арты Қазақстан нарығы көрші елдердің арзан өнімдеріне толып, отандық қайта өңдеу бағытына кері әсерін тигізуде, дейді ол.
"Қазақстан ЕАЭО құрамында болғандықтан және Ресейден ет пен дайын өнімдерді баж салығынсыз әкелу мүмкіндігі қарастырылмағандықтан, Қазақстан нарығы көрші елдердің арзан өнімдеріне толып, отандық қайта өңдеу бағыты мемлекеттік қолдаусыз құлдырауда", - деп ашық айтты ол.
Сонымен бірге ет өңдеу саласының маманы қайта өңдеушілерге арналған жеңілдіктерді алып тастау да проблема үстіне проблема жамайтынын жеткізді.
"Қазір қарастырылып жатқан үшінші мәселе – Салық кодексінің 411-бабында қарастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілерге берілген жеңілдіктерді алып тастау мәселесі қаралуда. Ет шаруашылығымен айналысатын шаруаларымыз өз өнімдерін сату кезінде көбіне ҚҚС төлеуден босатылады. Салық кодексінің 411-бабының күші жойылса, ҚҚС төлеу бойынша бүкіл ауыртпалық ет өңдеушіге түседі. Дүниежүзінде 137 мемлекет қосылған құн салығын төлеу әдісін қолданады, оның ішінде 125 мемлекетте ҚҚС төлемін бөлек өтеу қарастырылған. Яғни, фермер де 4 пайыз төлейді, өңдеуші де 4 пайыз төлейді, бөлшек сауда желісі де өнімді сатқан кезде 4 пайыз - барлығы 12 пайыз мөлшерінде төлейді. Бұл шоғырланған салық төлемі деп аталады", - деді ол.
Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы министрлігінің қолданыстағы ережелерінде ет өңдеушілерді "Ірі қара мал етін союмен және алғашқы өңдеумен айналысатын ет өңдеуші кәсіпорындарының сиыр етін әзірлеуге кететін шығынын азайту" жөніндегі мемлекеттік қолдауға бағытталған бөлім бар. Бірақ аталған мемлекеттік қолдау Ауыл шаруашылығы министрлігі ережелерінің талабы өте жоғары болғандықтан, отандық ет өңдеушілерге қолжетімді емес.
Берекешев ет өңдеу өнеркәсібін дамытуға кері әсерін тигізіп жатқан тағы бір проблема - ол үкімет бекіткен қаланың бас жоспарына қарамастан, қолданыстағы өндірістік аймақтар мен зауыттардың санитарлық-қорғау аймақтарындағы тұрғын үйлердің ретсіз салынуында екенін айтты.
"Мәселен, "Кублей" консерві фабрикасы мен "Қарасу ет" ет комбинатының уәкілетті органдарға жолдаған өтініштерінен мұндай практика шаруашылық жүргізуші субъектілер өндіріс жұмысының тоқтап, тұтас алған өңдеу өнеркәсібінің дамуына тежеуге әкелуі мүмкін екенін көріп отырмыз", - деді ол.
Сөз соңында Талғат Берекешев аталған мәселелерді шешу бойынша мынадай ұсыныстар айтты:
- "Сиыр етін жинаудың өзіндік құнын төмендету" бағыты бойынша субсидия алуға үміткер кәсіпорындардың қуаттылығына байланысты талапты тәулігіне 100 басқа дейін төмендету;
- "Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер туралы" Салық кодексінің 411-бабында көзделген жеңілдіктерді қалдыру;
- Индустриалды аймақта және "Кублей" консерві фабрикасының санитарлық-қорғау аймағында тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесін шешу үшін ведомствоаралық комиссия құру.
Бұл ретте Берекешев "Кублей" зауытына қатысты іске де тоқтала кетті.
"Аталған жайт өндірістік аймақтағы тұрғын үйлерді заңдастыру мақсатында жасалған деп санаймын. Зауытта еңбек ететін 750 отбасы немесе 2,5 мың адам енді не істейді? 31 жылдық тәжірибесі бар, ішкі нарықтың 65 пайызын консерві өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған, оларды көрші елдерге ғана емес, алыс шетелге де экспорттап отырған кәсіпорын енді не істемек? Сондай-ақ БҚО, Ақтөбе және Атырау облыстарының малын өткізетін нарықтан қағылып отырған 3000 фермерлік шаруашылығы мен ауыл тұрғындары (жеке қосалқы шаруашылықтары бар) не істемек? Консерві өнімдерінен бастап етті-сүйекті ұн мен wet-blue теріні қамтитын терең өңдеуден өтетін өнімдер тек Қазақстан нарығында ғана емес, одан бөлек Италия, ҚХР, Иран мен Түркияда да сұранысқа ие. Мекеме жыл сайын бюджетке шамамен 200 млн теңге салық төлейді", - деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оралда ірі консерв зауытына қатысты дау шыққаны туралы жазған болатынбыз. Үш жыл бұрын басталған құрылыс компаниясы мен зауыттың арасындағы дау әкімдіктің өндіріс аумағында көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат беруінен туындаған.
Кейін "Кублей" зауыты жабылудың аз-ақ алдында тұрғанын жаздық. Зауыт жақтастары Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, құзырлы органдардан араша сұраған болатын. Алайда сот алқасы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2025079-ukimet-sagatynda-ondiristik-aimaqtarda-turgyn-ui-saludy-sekteu-maselesi-koterildi/