"Өздерін Алпамыс батыр сияқты санайтындар бар": Тоқаев қылмыс әлемінің серкелеріне тоқталып өтті
Жарияланған күні:
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арзан бедел жинап жүрген алаяқтар жайлы айтты. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram арнасы хабарлайды.
"Әрбір адам жауапсыз қадамның арты бүкіл елге қасірет әкелуі мүмкін екенін терең түсінуге тиіс. Барлық салада, барлық деңгейде жауапкершілік болса ғана, ісіміз оңға басады. Шын мәнінде, сын сағатта кімнің кім екені анық көрінеді. Елге жаны ашитын адам қиын жағдайға тап болған жұртқа нақты іспен көмектесуге дайын болады. Өкінішке қарай, қазір қоғамды ішінен ірітетін жағымсыз дүниелер көбейіп бара жатыр.
Өздерін, тіпті, Алпамыс батыр сияқты ел қорғаны санайтын қылмыс әлемінің серкелері, яғни криминалдық топ басшылары бар. Көптеген адамдар, әсіресе, жастар соларға қатты еліктейтін болды. Ел ішінде арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес. Олардың бәрі – халықтың санасын улайтын секта өкілдері. Бір қарағанда олар елге жанашыр болып көрінеді. Ал түптеп келгенде, психологиялық айла-тәсілдермен жұртты адастырады.
Қоғамға жалған құндылықтар таратып, көпшілікті тура жолдан тайдырады. Мұның бәрін идеологиялық қоқыс немесе мүлдем қажеті жоқ ақпарат деуге болады. Біз өркениетті ел ретінде халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз. Ол үшін, ең алдымен, оқу-ағарту жұмысын күшейтуіміз керек", - деді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2025228-ozderin-alpamys-batyr-siyaqty-sanaityndar-bar-toqaev-qylmys-aleminin-serkelerine-toqtalyp-otti/