Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумына қатысты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумына қатысты. Президент форум аясында Қазақстан волонтерлік қозғалысты алдағы уақытта да қолдайтынын айтты. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram арнасында хабарлады.
Президент мынадай волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керектігін айтты.
"Бұл ретте мемлекеттік және жеке грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды", - дейді Тоқаев.
Сондай-ақ ол волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дамытқан жөн деді.
"Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет.
Волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет", - деді президент.
Мемлекет басшысы еріктілер мен қайырымды жандардың "кең ауқымда ойлап, соған сай әрекет етіп жұмыс істейтін адамдар ұнайтынын және алдағы уақытта да еріктілерді қолдайтынын жеткізді.
"Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын
Біздің волонтерлер Иордания, Кения, Тайланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста, мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген БҰҰ өкілдеріне алғыс айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады", - деді мемлекет басшысы.
"Волонтер болу бұл, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет", - деп пікірін білдірді Тоқаев.
Президент қазақ халқы қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямағанын атап өтті.
"Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан, бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз", - деді президент.
Сонымен қатар өткен аптада президент Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өткенін еске салды. Сол жиында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, үнемшілдік, еңбекқорлық, жанашырлық секілді құндылықтар бәрінен биік тұруға тиіс екенін атап көрсеткенін айтты.
"Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Меніңше, барлық еріктілерді Адал азамат деуге болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, ретінде мен "адамдар арасындағы дипломатия" қағидаты аясында халықаралық волонтерлік бағдарламалардың тиімділігі анағұрлым жоғары болады.
"Сонымен қатар ғұмырын басқаларға жәрдемдесуге арнаған жандар, әсіресе шетелдік қоғамдастық өкілдері, қандай да құрметке лайық және адамзаттың асылы деген атқа сай деп ойлаймын. Шын мәнінде, сіздер бейбітшілік пен мейрімділік елшісі ретінде халықтардың арасын жақындатып, түрлі мәдениет пен өркениет арасындағы диалогқа дәнекер болып жүрсіздер", - деп волонтерлерге ілтипатын білдірді президент.
Президент Қазақстан волонтерлік қозғалысты алдағы уақытта да қолдайтынын айтты.
"Осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығымызды нығайтуға дайынбыз. Астанада өтіп жатқан бүгінгі форум волонтерлік қызметтің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Форум жұмысына белсенді қатысқаныңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Сіздердің ізгі миссияларыңызға табыс тілеймін", - деп ізгі тілегін білдірді мемлекет басшысы.
Оған қоса БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің форум қатысушыларына үндеуін ұйымның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори оқып берді. Сондай-ақ жиында БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов, БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Әл Сабри, Түркияның белгілі мәдениет қайраткері Халук Левент және басқа да спикерлер сөз сөйледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2025730-ken-auqymda-oila-sogan-sai-areket-et-toqaev-xalyqaralyq-volonterler-forumyna-qatysty/