Қарағанды балалар алаңындағы ТЖ үшін аудан әкімінің орынбасары қызметінен кетпек
Жарияланған күні:
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев екі бала зардап шеккен балалар алаңында төтенше жағдайға байланысты аудан әкімінің орынбасарын қызметінен босатуды тапсырды. Бұл туралы өңір әкімдігі ресми сайтында хабарлады.
"Өткен аптада бізде төтенше жағдай болды. Ересектердің немқұрайлылығынан екі бала зардап шекті. Мен барлығына бірнеше рет ескерттім және тағы да қайталаймын: ойын алаңдарын жөндегенде ең алдымен қауіпсіздік туралы ойланыңыздар! Футбол қақпалары мен сәулет нысандарын тексеріп, нығайтыңыздар, ештеңе құлап жатпауы керек! Мердігерлер асығыс танытып, тезірек ақша тапқысы келеді, ал кейбір әріптестеріміз бұған көз жұмады", – дейді Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте.
Облыс басшысы осы оқиғаға байланысты қала әкіміне аулаларды абаттандыруға жауапты Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан босатуды тапсырды.
Сондай-ақ құқық қорғау органдарына мердігердің жауапкершілігіне құқықтық баға беруді сұрады.
"Мұндай нәрселерге бұдан былай жол беруге болмайды. Абаттандыру ережелерін қауіпсіздікті арттыру бағытында қайта қарауды тапсырамын. Мысалы, неге жасанды көгалдың орнына тартан жабынын қолданбасқа. Мұның бәрін зерттеу керек, өзгерістер енгізу керек. Біздің мақсатымыз – қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету. Бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешу қажет", – дейді өңір басшысы.
Еске сала кетейік, өткен аптада Қарағанды қаласында қатты жел салдарынан ойын алаңындағы көгал жамылғысы жұлынып кетіп, салдарынан екі бала зардап шеккен болатын. Олардың бірі ауыр жарақат алған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2026365-qaragandy-oblysynyn-akimi-balalar-alanyndagy-tz-usin-audan-akiminin-orynbasaryn-qyzmetinen-bostaudy-tapsyrdy/