Көкшетау тұрғындарына 65 жаңа пәтер берілді
Жарияланған күні:
Баспанаға ие болғандар қатарында төрт санат бойынша кезекте тұрғандар бар, деп хабарлайды Көкшетау қаласы әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жаңа үйдің берілуіне орай ұйымдастырылған шара Республика күніне тұспа-тұс келіп отыр. Көкшетау қаласы Сары Арқа шағын ауданындағы көптен күткен оқиғаға жүздеген адам жиналды. Баспаналы болған жандардың назары 45 және 50 пәтерлік екі су жаңа бесқабатты ғимаратта болды.
Кілттерді табыстау рәсімінде сөз алған қала әкімі Бауыржан Гайса пәтерлердің кімге бұйырғанын айтып берді.
«13 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 15 пәтер көпбалалы отбасыларға, 24 пәтер әлеуметтік осал топтарға, тағы 13 пәтер мемлекеттік, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері мен әскери қызметкерлерге бұйырды», - деді қала басшысы.
Бауыржан Гайса тұрғындарды келіп жеткен мерекемен, ал баспаналы болғандарды қос бірдей қуанышпен құттықтады.
«Сіздерді ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын. Дәл осы күн қарсаңында жаңа жылжымайтын мүлікке ие болғандарды құттықтаймын, баспаналы болу – әр отбасының арманы ғой. Құрметті көкшетаулықтар, қаланың дамуына қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңізге шексіз алғыс білдіремін! Әр үйде бақыт, байлық және ертеңгі күнге деген сенім үстемдік құрсын», - деді облыс орталығының басшысы.
Көптен күткен пәтеріне қол жеткізген әр жанның өз тарихы бар. Көпбалалы ана Наталья Панасюра үйінің кілтін он төрт жыл күткен.
«Кіші ұлым өмірге келген сәттен бүгінге дейін жалдамалы пәтерде тұрдық, қыруар ақша төлейтінбіз. Бүгін мемлекеттің арқасында біз жаңа ауданнан төрт бөлмелі пәтер алдық. Әлі сене алмай тұрмын», - деп қуанышын бөлісті Наталья Панасюра.
Ал Шолпан Нұғыманова болса, 14 баланың анасы. Оның 20 немересі мен шөберелері бар, «Күміс алқа» төсбелгісінің иегері, тыл еңбеккері. Ал бүгін оның отбасы баспаналы болғанына ерекше қуануда.
«Кезекте тұрғанымызға он жеті жыл болды, бүгін, міне, көптен күткен үш бөлмелі пәтерді алып отырмыз. Өте қуаныштымыз, мен кенже қызымын, анаммен бірге тұрамын. Кіріп алдық, қуанышымызда шек жоқ. Анашымның туған күні мен Республика күнін жылы, ыңғайлы және жаңа пәтерде атап өтпекпіз», - дейді Шолпан Нұғыманованың қызы Қарлығаш.
Айта кету керек, өңірде кезекте тұрғандарға арнап салынған үйлердің құрылысы әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда 48 көппәтерлі тұрғын үй, оның ішінде бюджет есебінен 28 пәтер салынуда.
Жыл басынан бері алты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы алты көппәтерлі үйдің құрылысын аяқтау жоспарда бар. Бұл тағы 363 пәтер деген сөз.
Ал биыл көктемде көкшетаулық тағы 100 отбасы баспаналы болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2041922-koksetau-turgyndaryna-65-zana-pater-berildi/