Бектенов жаңа орынбасары Бозымбаев немен айналысатынын айтты
Жарияланған күні:
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов министрлерге сырттай өзінің жаңа орынбасары Қанат Бозымбаевты таныстырды. Бозымбаевтың өзі өңірлерді аралап жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Өздеріңіз білетіндей, үкімет құрамында өзгерістер болды. Мемлекет басшысының жарлығымен Қанат Бозымбаев премьер-министрдің орынбасары болды. Қанат Алдабергенұлы өңірлік саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, су ресурстары және төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
Ал Роман Васильевич Скляр құрылыс, энергетика, көлік инфрақұрылымы және логистика, өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, инвестициялық жобаларды іске асыру және тағы басқа ауқымды мәселелермен айналысады. Бұл мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларын іске асыру жағдайында аса маңызды", – деп мәлімдеді Бектенов.
Ол қазіргі сәтте Қанат Бозымбаев төтенше жағдайлар министрімен бірге өзінің тапсырмасы бойынша өңірлерде жағдайды тұрақтандыру үшін атқарылып жатқан жұмыстардың тікелей басы-қасында жүргенін атап өтті.
Айта кетейік, 2024 жылғы 31 наурызда Қанат Бозымбаев Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Көп ұзамай Берік Уәли оның қандай мәселелерге жетекшілік ететінін айтып берді. Ол Бозымбаев өңірлік саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайлар және су ресурстары мәселелеріне жетекшілік ететінін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2077472-bektenov-zana-orynbasary-bozymbaev-nemen-ainalysatynyn-aitty/