"Халық дауысы 6.0": дауыс беру жалғасуда
Жарияланған күні:
"Халық дауысы 6.0" онлайн-дауыс беру жалғасуда. Дауыс берудің екінші аптасының қорытындысы бойынша "Жыл әкімі" номинациясының рейтингісі қалай қалыптасқанын назарларыңызға ұсынамыз.
Үш апта ішінде пайдаланушылар "Халық дауысы 6.0" жобасы аясында әкімдердің жұмысын бағалап қана қоймай, сонымен қатар Instagram желісіндегі парақшамызда шенеуніктер туралы өз пікірін бөлісе алады. Айта кету керек, қазіргі уақытта Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров туралы оң пікірлер жетерлік.
"Ақтөбе халқы өз әкіміне риза деп ойлаймын", "Асхат Шахаров қандай жағдай болмасын барлық жерде өзі бастап жүреді, халықпен берге", "Ақтөбенің бұрынғы әкімімен салыстырғанда Шахаров 10 есе жақсы, келгеніне аз уақыт болса да, жасаған дүниелері аз емес", - деп жазды желідегілер.
Екінші аптаның қорытындысы бойынша Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев "Жыл әкімі" номинациясында көш бастап тұр. Естеріңізге сала кетейік, ол өз қызметін 2022 жылдың 11 маусымынан бастап атқарып келеді.
Жергілікті журналистер Бейбіт Исабаевты "ұйықтап жүретін әкім" деп атап, өңір басшысы жұмысының көрінбеуін меңзеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жетісу облысының әкімі өзін "ұйықтап жүретін әкім" деп пікір айтқандарға жауап берді. Оның сөзінше, ол тәулігіне 4-5 сағат қана ұйықтайды.
"Облыс бөлінген кезде өңір әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада 19-20 орында болды. Ал 2022 жылдың қорытындысына сай, барлық индикатор бойынша Жетісу облысы төртінші орынға тұрақтады. Бұл менің жұмысымның нәтижесі", - деді Бейбіт Исабав.
"Жыл әкімі" номинациясында екінші орынды Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев иеленіп отыр. Біздің жазбаларымыздың бірінде оқырмандар әкімнің жұмысына оң баға беріп, жақсы пікірлер қалдырды. "Марат Сұлтанғазиев ең жақсы әкім", "Алматы облысы Марат аға өз ісінің маманы", - деп атап өтті пайдаланушылар.
Алматы облысының әкімдігі Қонаевтағы бұрынғы казино ғимаратында жұмыс істеп жатқанын еске саламыз. 2023 жылдың шілдесінде Tengrinews облыс басшысымен сұхбат жариялады. Тілшімен әңгіме барысында Марат Сұлтанғазиев жергілікті әкімшіліктің неге бұл ғимаратқа көшуге мәжбүр болғанын түсіндірді. Ол бұрынғы казино ғимаратын сатып алу экономикалық тұрғыдан тиімді деп жауап берді.
Үшінші орында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұр. 2022 жылы желіде Түркістан облысы тұрғындарының әкімнің халық алдына шығуын тізерлеп тұрып сұраған видеосы тарады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БАҚ өкілдері Сатыбалдыдан "Неге халық әкімнің оларды қабылдауын сұрауы керек?" деп сұрады. Облыс басшысының айтуынша, бейнежазбадағы адамдар аудандардан келген шаруалар. Олар мақтаға баға белгілеу мәселесін шешу үшін көмек сұрап, әкімге келген екен.
Әзірге қатысушылар арасында бірде-бір дауыс жинамаған билік өкілі – Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев. Ал дауыс беру көрсеткіші бойынша ең соңғы орында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев тұр.
Айта кетейік, осы жылы біз оқырмандарымызға әкімдерге өз сұрақтарын қоюды ұсындық. Алайда әзірге пайдаланушылардың басым бөлігі шенеуніктердің қызметіне тек қана наразылықтарын білдіруде.
Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру осы жылдың 20 мамырына дейін жалғасады. Қатысушылардың жұмысын бағалап, өз өтініштеріңізді NUR.KZ ресми парақшасында қалдыра аласыздар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2091569-halyq-dauysy-6-0-dauys-beru-zhalgasuda/